Қар, мұз, көктайғақ: алматылықтарға ескерту жасалды

Қар, мұз, көктайғақ: алматылықтарға ескерту жасалды
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Әлихан Сәриев

Алматыда қашан қар жауатыны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Қазгидромет" РМК болжауынша, биыл 12 қараша мен 15 қараша аралығында Алматыда жабысқақ қар жауады. Түнде ауа температурасы –4 градусқа дейін төмендеп, көктайғақ болуы мүмкін.

Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы өкілдері ауа райына қатысты ескерту жасады. 

"Осыған орай, көлік иелеріне жазғы дөңгелектерін қысқыға ауыстыру ұсынылады. Жолға мұз қатуы мүмкін, жүргізушілерді өте мұқият болуға, арақашықтықты, бүйірлік аралықты сақтауға, қолайсыз ауа райын ескеріп, жылдамдықты асырмауға, шұғыл бұрылмауға және тежегішті бірден баспауға, жол белгілерін қатаң сақтауға шақырамыз.

Жаяу жүргіншілер жолда абайлап жүріп, мүмкіндігінше сақ болуы керек, жүргізуші сізді көріп, өткізіп жібергеніне көз жеткізіп, көлік құралы жауын-шашын кезінде, әсіресе көктайғақта бірден тоқтай алмайтынын есте сақтау қажет.

Коммуналдық қызметтердің көктайғаққа қарсы жедел және сапалы жұмыс жүргізуі үшін көлік иелерінен мүмкіндігінше қалада қозғалысты шектей тұруын, машинаны жолдың жиегіне қоймауын сұраймыз", - делінген хабарламада. 

Көктайғаққа қарсы жұмысқа 10 мердігер ұйым, 818 бірлік техника және 1 240 жұмысшы жұмылдырылды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек