Тоқаев Қазақстан мен ДДҰ арасындағы келісімді ратификациялады

Тоқаев Қазақстан мен ДДҰ арасындағы келісімді ратификациялады
Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен ДДҰ арасындағы келісімді ратификациялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Мемлекет басшысы "Астанада (Қазақстан Республикасы) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің жетпіс үшінші сессиясын ұйымдастыру туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", - делінген құжатта.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетейік, 2023 жылғы қазанда Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырысында бұл заңды талқылаған еді. Бұл құжат Қазақстан мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы арасындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және нығайту мақсатында әзірленгені айтылды.

"Келісім Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық комитетінің жетпіс үшінші сессиясын тиімді ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған", - делінген Парламент Сенатының сайтында бұрын жарияланған хабарламада.

Сенаторлардың пікірінше, заңды ратификациялау Қазақстанның ДДҰ-ға мүше елдер арасындағы беделін арттыруға ықпал етеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан