Өскеменде құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үй қиратылуы мүмкін

Өскеменде құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үй қиратылуы мүмкін
Фото: Автордан

Облыс бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдері "Mrs Company" ЖШС рұқсатсыз үй салып жатыр деп бақылауды күшейтті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жұмысты тоқтату керек деген нұсқама Астанадан жеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Тым қиын талап қойып отыр"

Аталған ЖШС директоры Мұратбек Нұрғалиевтің айтуынша, құрылыс жобасы ойластырылған, оған дейін қойылған түрлі талаптарды да қабылдады. Қазір олар жергілікті атқарушы органдардан жобалау бойынша келісімді ғана күтіп отыр.

"Біз құрылыс жалғасуы үшін тиісті құжаттарды дайындап қойдық. Нысанның сапасы туралы тексеріс тұрақты түрде жүргізіліп тұрады. Ал осы дау-дамайдың шығуының себебі сол, жергілікті мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы бізге өздері ұсынған нұсқаманы аз уақытта орындауды талап етті. Небәрі бір-ақ ай. Соның бір тармағында мемлекеттік сараптамадан өту туралы жазылған. Ол 45 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылуы тиіс", – деді ЖШС директоры.

Құрылысқа жауаптылардың сөзінше, жергілікті атқарушы орган осынша аз уақытта талапты орындап үлгермейтіндерін біліп, мұны әдейі істеп отыр. Сараптамадан өтсе, жұмыстың жалғасуына еш кедергі жоқ. Ал қараша айының 9-ы күні Өскемен қаласының сот актілерін орындау жөніндегі ауданаралық аумақтың бөлімінің басшысы Фарида Слямова әкеліп табыстаған нұсқамаға сот арқылы қарсылық білдіруге әзір.

"Нысанда осы уақытқа дейін заңсыз тексерістер жүргізілді. Қала әкімдігіне нұсқамадағы мерзімді ұзартуды сұрап, хат жаздық. Заңнама аясында құжаттарды реттеуге әзірміз. Бастысы, біз жобасын ойластырдық, техникалық шарттар алдық, тек басымдық ары жақта болып тұр", – деді Мұратбек Нұрғалиев.

ШҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Самат Қайырдиновтің сөзінше, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына нұсқаманы орындау жөнінде жолдаған талаптары қанағататтандырылды.

"Үйді салып жатқандар "біздің үлескерлеріміз бар" дегенді алға тартып, жұмысты жалғастыруда. Бір жағынан олар күдіктеніп қалмасын деп тірліктерін тоқтатар емес. Сот шешімі негізінде жұмысшыларды құрылыс алаңынан қуып та көрдік. Бірақ нәтиже бермеді", – деді ол.

Ескертуді елемесе экономикалық сотқа жүгінбек

Одан бөлек, нысан құрылысы рұқсат құжаттарынсыз жалғасып, кейін сапасы төмен болса, тұрғындар ең алдымен әкімдік өкілдеріне шағымданатындарын айтты. Самат Қайырдинов бұл жерде техникалық және авторлық бақылаудың жоқтығына сенімді. Онымен қоса, құрылыс материалдарының сапасы, нысан бой көтерген жердің құрылымы туралы еш ақпарат жоқтығын жеткізді.

Фарида Слямованың айтуынша, нысан алаңындағы құрылысты суретке түсіріп алу, директорына нұсқаманы беру кейін оларды әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болмақ. Егер жаңадан соң актісі тағайындалса, ескертуді елемеген ЖШС жұмысы жоққа шығарылып, нысан қиратылуы мүмкін.

Қысқасы, жергілікті атқарушы билік құрылыс жүргізіп жатқандармен бір ымыраға келуге әзір. Ол үшін қазір қауырт тірлікті тоқтатып, құжаттарды толықтай реттеулері керек. Ал "Mrs Company" ЖШС директоры Мұратбек Нұрғалиев жұмыс тоқтамайтынын алға тартты. Тіпті, жоспарды бұзбай, үйді келер жылдың күзінде тәмамдауға бекінген.

"Осыны ырың-жырыңға айналдырмай, бәрінің басын ашып алу үшін қала әкімдігіне бардым. Бірақ шаһар басшысымен жолығу мүмкін болмады. Құрылыс саласына жауапты орынбасары да төбе көрсетпеді. "Риддерге кетті" деді, онда да бардым. Түк өнбеді. Өскемен гүлденсе екен дейміз. Құрылысқа атүсті қарап жатқан компаниялар бар, ал біз жоқ жерден кедергіге тап болып отырмыз", – деді Мұратбек Рахметоллаұлы.

Анықталғандай, бұл жерде тоғыз қабатты үй салынуда. Шенеуніктер үйдің құрылысы сол күйі тоқтатылса, қаражаттарын аударып қойған үлескерлер де сотқа жүгінулері мүмкін екенін айтты.

Асыл Бигелді 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы