Алматы облысында жол азабын тартқан тұрғындар шу шығарды

Алматы облысында жол азабын тартқан тұрғындар шу шығарды
Фото: видеодан алынған кадр

Алматы облысы Қаскелең қаласында жол азабын тартқан тұрғындар шу шығарды. Олардың айтуынша, жерді оңды-солды сатқан шенділердің кесірінен 100-ге жуық отбасы тығырыққа тіреліп отыр. Өйткені карта бойынша сызылған жолдың бір бөлігі аяқастынан бір пысықайдың меншігінде болып шыққан. Жердің заңды, я заңсыз екенін әкімдіктегілердің өзі де айта алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарна мәліметінше, Қаскелең қаласының жоғарғы жағындағы үйлер осыдан 10 шақты жыл бұрын салынған. Қалаға, әрі қарай Алматыға шығатын жалғыз жол - осы. Енді алдағы уақытта бұл жол да жан-жағынан жабылып, тұрғындар мүлдем қамалып қаламыз ба деп қорқып отыр. Оған себеп: тұрғындар кезінде өз қаражатына салған жолды осыдан үш ай бұрын бір пысықай қопарып, қақпа салып тастаған. Себебін сұрап келсе, үй иесі "құжаттарым түгел" деп жауап қайырыпты. Жұрт жол тұрған жерді сатып жіберген әкімдіктегілер екеніне сенімді.

100-ге жуық отбасы қазір көршісінің учаскесімен өтіп жүр. Бірақ заңды иесі онда үй салатын болса, тұрғындардың не әрі, не бері шыға алмай қалатын түрі бар.

"Мына жол төрт көшенің жалғасы. Көршінің учаскесі ана бағанадан бастап, мына бір жерге келеді. Сонда жалғыз жол. Мектепке де барады. Мектепте 300 бала оқиды. Оларға да жол жоқ, бізге де жоқ. Егер ол кісі жауып тастайтын болса, біз тікұшақпен ұшып жүруіміз керек", - дейді Бауыржан Сейітжанұлы.

Мәселеге қатысты Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары пікір білдірді.

"Иә, мынау бас жоспар 2018 жылы өзгеріс енгізілген. Сіздердің сұрауларыңыз бойынша, мына жер телімі жолға түскен. Оның қазір заңдылығын қосымша анықтаймыз. Сәулет, жер қатынастары бөлімі бар, солармен анықтап, қосымша ақпарат береміз. Ал халықтың сұрап отырған, ыңғайсыздық тудырып отырған жер теліміне қазір демеушілердің арқасында тас төсеу, жол тегістеу жұмысын сұрап отырмыз. Осы қарашаның соңына дейін халыққа сол жерді тегістеп, ыңғайлы өтуіне жағдай жасаймыз", - дейді Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Серік Қамзанов.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Ж. Қадыржанова