Босағаға неге кәрі жілік іліп қояды?

Ежелден салт-дәстүрге бай қазақ халқы ырым-тыйымға да аса мән берген. Соның ішінде кәрі жіліктің алатын орны ерекше. Қазақ кәрі жілікті қыз баласына ұстатпайды, жастарға жегізбейді, тіпті кейбір үйлер оны босағаға іліп қойып жатады. Кәрі жілікті босағаға не үшін іліп қояды? Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне түсіндіріп берді.

Мал жілігінің әрқайсының қонаққа берілетін орны бар. Бұл тәртіп әлі күнге дейін сақталып келе жатыр. Кәрі жілік шаңырақтың құты, берекесі, ырысы деп саналған. Сондықтан кәрі жілікті қонақтарға ұсынбаған. 

Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ ежелден кәрі жілік отбасыны жамандықтан қорғайды деп сенген.

"Қазақтар босағаға кірі жілік іліп, үйге жамандық жоламайды, ұры-қара түспейді деп сенген. Үйде ұрыс-керіс болмайды, бақ қашып, құт үрікпейді деп ырымдаған. Бағы заманда бір кедей қойшы мал қорасының айналасына кәрі жіліктер қаз-қатар іліп қойса, қырық ұры, қырық күн торауылдап малдарын ұрлай алмапты. Түнде ілінген кәрі жіліктер, қарақшыларға мылтық асынған қаз-қатар сарбаз болып көрініпті, - деген аңыз бар. Қазақ ырымы осы негізден туған болуы керек", - дейді этнограф.

Сонымен қатар, этнографтың "Қазақ кәдесі" кітабында наным бойынша кәрі жілікті асып жеген күні түнде далаға тастамайды деп жазылған. 

«Бұдан басқа, кәрі жілікті асып жеген күні түнде оны далаға тастамайды. Халқымыздың ескілікті ұғымынша кәрі жілік құрық ұстаған күзетші, мал-жанды бәле-жаладан аман сақтаушы, ел қорғаушы батырдың бейнесі деп түсінген. Ауыл көшкен күні қариялар керегеге ілінген кәрі жіліктерді қой қораның төріне, қора төңірегіндегі жартас қуысына, тал-теректердің бұтағына арнайы іліп кетеді. Ердің алдыңғы қасына да іліп қоятын болған. Мұндағы басты себеп – ағаш, шөп қыстырылған кәрі жілік түн ішінде бейне құрық ұстаған күзетші секілденіп, малды, ер-тұрманды ұры-қарыдан, жаудан, қасқырдан қорғайды деп сенгендіктен», - деп жазған Болат Бопайұлы кітапта.

Кәрі жілікті көбіне үй иесіне берген екен. Үй иесі оны жақсылап мүжігеннен кейін үйдің босағасына іліп қоятын болған. Оның мәні - шаңырақтың құты, берекесі басқаға кетпесін деген ой.

Айта кетпейік, бұған дейін қазақтың жілік дәстүрі туралы хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Етеккір неге уақытында келмейді?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!