Жеті шелпектің құпиясы неде және оны неге жұма күні пісіреді?

Жеті шелпектің құпиясы неде және оны неге жұма күні пісіреді?
Фото: Massaget.kz

Көпшілік жұма күні таңертеңнен жеті шелпек пісіріп, көршілеріне таратып жатады. Жеті шелпек таратудың астарында әруақтың атынан елге тамақ беріп, сауабын өліге бағыштау жатыр. Бұған дейін жеті шелпектің құпиясы неде және оны неге жұма күні пісіреді деп ойланып көрдіңіз бе? Бұл сұраққа Massaget.kz тілшісіне этнограф Болат Бопайұлы жауап берді.

Неге жеті?

ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Әбдуәлінің айтуынша, сандардың арасында "7" санын ерекше таңдалып алынуы да бекер емес (жеті шелпек). Өйткені, дінімізде жеті санымен байланыса айтылған үкім көп. Мысалы, иманның жеті шарты, жеті рет қағбаны тауаф ету, ит жалаған жерді жеті рет жуу. Шелпектің "жеті" санымен байланыстырылуының мәні де осында жатса керек.

"Қалай болғанда да, жеті шелпекті тарату үрдісін дінге теріс деу немесе ширкке алып барар жол деу қиын. Неге десеңіз, жеті шелпек таратқан адам әруақтан медет тілеп емес, о дүниедегі өлген кісіге сауабы және пайдасы тисін деп таратады. Оның үстіне, қазіргі кезде шелпек қазақтың ұлттық тағамының бірі ретінде қалыптасқан", - дейді Бауыржан Әбдуәлі.

Жеті шелпектің мәні неде?

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, жеті шелпектің мәні "өлі разы болмай, тірі ешқашан байымайды" деген сеніммен қалыстасқан, ата аруағына бағышталуы екен.

"Қазақ халқының мифологиялық танымы мен ертедегі салт-дәстүр, ырымдық сенімінде жеті қат көк, жеті қат жер, жеті ата, жеті күн деген ұғымдар болған. Соған байланысты жеті санын қасиетті сан деп санаған. Жеті шелпек пісіріп жұма күні тартуы, дүға-тілек жасап, ақ бата алуы сол жеті санмен байланысты болған. Жеті шелпек - жеті ата аруағына бағышталған дәм. Өлі разы болмай, тірі ешқашан байымайды деп сенген. Қазақ бір емес екі дүниенің адамдарында сыйлай білген. Ата дәстүрін жоғалтпай сақтай білген дана халық", - дейді этнограф.

Сонымен қатар, маман жеті шелпекті неге жұма күні тарататынын да айтты.

"Ал жеті шелпекті жұма күні пісіруі жеті күннің сұлтаны - жұма деп ұйғарған. Жұма күнін қазақтар "Азат күн" деп атаған. Бұл күні екі дүниенің есігі ашық тұрады. Жеті қат көктің, жеті қат жердің қақпалары да ашылады. Осы күні аруақтар тірі туыстарынан дұға және дәм дәметеді деп сенген. Бұл жерде дәм дәмету бахиға кеткен адам келіп жемейді. Оны қолы қысқа кедей адамдарға не құранхатым түсіретін молаға береді. Кейде қырық шелпек те пісіретін болған. Бұл бахиға кеткен адамды еске түсіріп, ата-баба аруағына зор құрметпен қарағанының белгісі", - деп түсіндірді ол.

Тағы да оқи отырыңыздар: Тоңазытқыштағы иісті қалай кетіруге болады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә