"30-ға жуық ота жасалды". Әлеуметтік желіде биімен танылған ерлі-зайыптымен сұхбат

Фото: Видеоскрин

Әлеуметтік желіде әдемі биімен танылған жұп Дамир-Сұлушаш Мурзағалиевтер әрбір істен бақыт табатын жандар. Тағдыр тәлкегіне түссе де мойымаған ерлі-зайыптылар қазіргі таңда Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында тұрады. Маңғыстаулық жұппен жеке өмірі, балалары туралы Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.

"Протез зауытында таныстық"

Олар өмірлеріне дән риза. Сол үшін әр атқан таңға үмітпен қарайды.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Syly1975 (@akapa_xit_tekstil)

"Сұлушаш Жаңаөзен қаласында, мен Астрахан қаласында дүниеге келдім. Кейін аға-жеңгемнің қолына Ақтауда көшіп келдім. Екеуміздің де біліміміз орташа. Бойдақ кезімде 1999 жылы остеомиелит диагнозы қойылып, бір аяғымды кесті. Ал Сұлушаштың қолын 1982 жылы бала кезінде сабақтан қайтып келе жатқанда тепловоз басып кеткен.  Екеуміздің тағдыр жолымыз бір. Мен 2001 жылы Алматыдағы протез зауытына барғанымда Сұлушашты кездестіріп, сол жерде таныстық. Тез түсініп, табыстық десек болады", - деді Дамир.

Ерлі-зайыптылар 2006 жылы отау құрған.

"Бүгінгі таңда төрт баламыз бар. Атап айтқанда үш ұл, бір қыз. Соның ішінде екі кішкентай баламыз ерекше болып дүниеге келді. Олар қазір 3-сыныпта және мектепке даярлық тобында оқиды. Тұңғышымыз студент, колледжде оқиды. Ал қызым 13-те, 8-сынып оқиды", - деді Сұлушаш.

"30-ға жуық ота жасалды"

Олар осы уақытқа дейін көп қиыншылық көргенін жасырмады. Бірақ соның бәрінен құлатпай алып шыққан екеуінің ұстанымдары екен.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Syly1975 (@akapa_xit_tekstil)

"Жолдасымыз екеуміз көп қиыншылық көрдік. Дәкең 2019 жылы екінші аяғын кестірді. 30-ға жуық ота жасатты. Бірақ ештеңеге мойымадық. Бұл - Алланың қалауы. Жолдасым қайғыға салынып, арақ ішіп, темекі тартып, не жаман жолға түскен емес. Аллаға шүкір, бәрін бірге жеңіп келе жатырмыз. Отбасымызда ерекше балалардың өмірге келуі де Алланың қалауы. Оған еш қиналмадық. Бұрын екі баламыз жүрмейтін еді. Қазір шүкір, аяққа тұрды", - деді Сұлушаш.

Дамирдің айтуынша, ем алуға жиі барып тұрады.

"Тамыз айында Ташкент пен Алматыға барып, ем алып қайттық. Қазір денсаулығым сыр беріп жүргесін, тағы бару керек болып тұр. Негізі ерекше екі баламызды алып кететін уақытымыз еді. Бірақ барлығына бірдей баруға қаржылай қиындық болып тұр. Біз Үкіметтен ешқандай көмек алмаймыз. Емге ақшаны өзіміздің, ағайын-туыстың, қайырымды жандардың беретін қаражатымен барып келеміз", - деді ол.

"Жолдасыма ұсыныс айттым"

Сұлушаш Мурзағалиева тұрақты жұмысынан бөлек, кішігірім саудамен айналысатынан айтты.

@sulu_1975 #рекомендации #GenshinImpact34 ♬ оригинальный звук - Аллага шукирмиз ?

"Өзім коммуналдық төлемдер жасайтын мекемеде бақылаушы болып жұмыс істеймін. Жолдасым үйде отырғаннан кейін қаражат жағы қиындау болып кетті. Сосын Алматыдан аз мөлшерде тауар алып, сата бастадым. Көрші-көлем, ағайын-туыс алды. Кейін киім-кешек, ойыншықтарды қостым. Бірақ көбісі қарызға алатын болғасын оны жинап жүргенше біраз уақыт күтесің. Сосын жақында Instagram-мен жұмыс істеп, соны қолға алдым. Қолданушыларға күнделікті өмірімізді түсіріп, көрсеттім. Жазылушылар саны артып, бізге тілек-лебіздерін жазатындар көбейді. Халық тани бастады", - деді Сұлушаш.

Оның айтуынша, әсіресе екеуінің билері халықтың көңілінен шыққан.

"Соңғы кезде жолдасым ауырып жүр. Көңілін көтерейін деп "кешкісін екеуміз бірге билейік, көңілді болады" деп ұсыныс айттым. Ол қарсы болмады. Сөйтіп, Дәкең екеуміздің билегеніміз халықтың көңілінен шығып, біраз адамдар парақшасына белгілеп салып кетті. Бұған қатты қуандық", - деді Сұлушаш.

"Өмірімізге ризамыз"

Сұлушаш балаларының қолғабыс ететінін, көмекші екенін атап өтті.

@sulu_1975 #tiktok #fypシ ♬ оригинальный звук - Аллага шукирмиз ?

"Үлкен ұлым спорттық үйірмеге барады. Көбіне әкесінің жанында жүреді. Ал қызым биге қатысатын еді. Бірақ маған көмекші болсын деп қазір шығарып алдық. Көпқабатты үйде тұрамыз.  Жолдасым гүлдерді жақсы көреді, соларды күтіп-баптайды. Бос уақытында балалармен ойнайды. Солармен қыдырып шығамыз", - деді ол.

Бақытты жұп кез келген уақытта қасынан табылатын бір-біріне риза екенін айтты.

"Біз секілді тағдырлас жандарға тек мойымау керек деп айтар едім. Алла осылай жаратқан соң кез келген нәрсеге әрекет ете беру керек. Бақытты сезіну адамның өзіне байланысты.  Бір-ақ рет берілетін өмірге разымыз. Уайым-қайғыны миымызға салып алғымыз келмейді.  Бес күн жалғанда күліп жүргенге не жетсін?!", - деді олар.

Еске салайық, бұған дейін "Тіл-көз тиген шығар". Қызылордалық өнер иесі өмірін күрт өзгерткен жағдай туралы айтқаны жарияланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Бала неге тырнағын тістей береді?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы