"Ұлым бөлмеде жатыр, қаны кеуіп қалған". Өгей әкесінен ажал құшқан 2 жасар баланың анасы оқиға туралы айтты

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2 жасар баланы өлтірген Теміртау тұрғынын өмір бойына бас бостандығынан айырған еді. Көз жұмған баланың анасы жантүршігер өлім туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі patriotkaragandy-ға сілтеме жасап. 

Сотталушыға ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды. Сотталушы өз кінәсін толық мойындады. Сот қылмыс жасалған кезде оның мас болғанын анықтады. Оның кінәсі толық дәлелденді. Прокурор сотталушыны кінәлі деп тануды және өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады.

Екі жасар баланың пышақ жарақаттарынан бөлек, қолы да сынған. Бұл уақытта баланың анасы Қарағандыда жұмыста болған. 

"Екі күн бойы Қарағандыда жұмыста болдым. Мен клубта аспазбын. Жақсы жалақы аламын. Тек жұма және сенбі күндері, мереке күндері жұмыс істеймін. Наурыз күндері мені жұмысқа шақырды. Қарағандыда бейнеқоңырау арқылы қоңырау шалып, баламды көрдім. 21 наурыз еді. Одан кейін баламды көрген де, естіген де жоқпын. Қайғылы оқиға 21 наурызда кешке болғаны белгілі болды", - деді ол. 

Оның айтуынша, күйеуі ұлының ойнап жатқан видеосын жіберген. 

"22 наурызда кешке күйеуім ұлымен Наурыз мейрамын тойлауға саябаққа барғанын, олар күні бойы саябақта болғанын айтты. Мен ұлыммен сөйлескім келді. Бірақ ол ұлым шаршап, ұйықтап қалғанын айтты. Ол баламның ойнап жатқан видеосын жіберді. Видеоның ескі екенін енді түсіндім. 23 наурызда кешке Теміртауға келдім. Телефон шалып, не істеп жатқанын сұрадым. Ол "біз мультфильм көреміз" деп өтірік айтты. Ол кезде ұлым жоқ екен... Мен "қазір дүкенге барамын, пәтердің кілтін лақтырып жіберші" дедім. Ол "жарайды" деді. Дүкеннен келіп, есікті қақтым, ол кілтті лақтырған жоқ. Маған есікті ешкім ашпады. Көршінің есігін қағып, "күйеуім мен ұлымды көрдіңіз бе?" деп сұрадым. Ол жарты сағат бұрын есіктің тарсылдағанын естідім деп жауап берді", - дейді әйел.

Әйел ұлын қайда тауып алғанын айтты. 

"Көп ұзамай ол "кілт подъездің қасында жатыр" деп хабарлама жазды. Мен кілтті алдым. Оған телефон шалып, өзі, ұлым қайда екенін сұрадым. Ол "мен қараусыз қалған ғимараттан секіремін, ал бала үйде" деп жауап берді. Пәтерге кірсем, ұлым бөлмеде жатыр. Қаны кеуіп қалған. Демек, ол ұлымды 23 наурызда емес, одан бұрын өлтірген. Ұлымның қолы сынған", - деді ол. 

Ұлттық ұлан мен полиция ер адамды көшеде ұстады. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз