"Мұндай қорымдарды табу өте қиын". Абай облысында Қазақстандағы ең көне адам қорымдары табылды

"Мұндай қорымдарды табу өте қиын". Абай облысында Қазақстандағы ең көне адам қорымдары табылды
Фото: Massaget.kz

TEECA археологиялық зерттеу тобы Абай облысындағы Көкен орнын Қазақстандағы ең көне жерлеу қорымы болуы мүмкін екенін анықтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Назарбаев Университетінің, Марғұлан атындағы археологиялық институтының, Сент-Луис қаласындағы Вашингтон университеті (АҚШ) және Павлодар мемлекеттік университетінің археолог-ғалымдарынан құралған зерттеушілер тобы Абай облысындағы Көкен орнынан қола дәуіріне тиесілі обасының астында жатқан тас дәуірінің жерлеу орындарын тапты.

Археолог Паула Доумани Дюпюйдің айтуынша, бұл - көне обаларда біздің дәуірімізге дейінгі VI мыңжылдыққа (шамамен біздің дәуірімізге дейін 5471-5222 жылдар аралығыда) жататын, шамамен ерте неолит дәуіріне тиесілі жерлеу орындары. Табылған көне жәдігер ғалымдарға 7500 жыл бұрын аймақта мекендеген тас дәуіріндегі аңшы-терімшілердің сенімін, өмір салтын және жеке басын зерттеуге үлкен мүмкіндік беріп отыр.

"Қазба жұмыстары мен талдаудан бастап материалды жариялауға дейінгі барлық процеске қазақстандық және халықаралық мамандардан құралған тобымыз үш жылдан аса уақыт жұмсады. Бұл жаңалықтың қазақ археологиясы үшін маңызы зор. Қазақстанда тас дәуіріне қатысты археологиялық материал өте көп, бірақ бұл жерде нақты адам жерлеу орындары туралы сөз қозғалып отыр. Табылған көне қалдықтардың арқасында сол уақыттарда осы аймақты мекендеген адамдардың өмірін тануға, зерттеуге мүмкіндік ашылды", - деп атап өтті археолог Паула Доумани Дюпюй.

Көкен қорымында сопақ пішінді бір обаға екі адам қосымша құрал-саймандарынсыз жерленген. Ересек ер адам эмбрион формасында жатқызылған, шүберекке оралған және қазба жұмыстары кезінде басы табылған жоқ. Жақын жерден табылған жасөспірімнің бас сүйегі бар, бірақ қаңқасы болмаған. Зерттеушілер мұны әдейі жасалған рәсім немесе сол жердің кейінгі тұрғындарының қабірді ішінара қиратуының нәтижесі деп есептейді.
Қазір зерттеушілер Көкен қорымында тас дәуіріндегі жерлеу әдісімен байланысы болуы мүмкін және мұндай қос жерлеудің болуын түсіндіруге көмектесетін тұрғын үй құрылыстары мен басқа да тас дәуіріндегі қорымдарды іздеп жатыр.

"Ең қиыны - жаңбыр кезінде қазба жұмыстарын жүргізу. Күні бойы жаңбыр жауғандықтан, жерлеу орындарын ылғалдан қорғауға тура келді. Қаңқа сүйекті ыдырататын қиыршық тасты топырақтан табылды, сондықтан қалдықтарды жойып алмау үшін қазба жұмыстары кезінде шыдамдылық танытуға тура келді. Мұндай қорымдарды табу өте қиын, бірақ бұл біздің қолымыздан келді. Келесі жерлеу жердің қашан табылатыны, ол табыла ма жоқ па белгісіз", - дейді Сент-Луистегі Вашингтон университетінде докторантурада оқитын Назарбаев университетінің түлегі Жұлдыз Ташманбетова.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек