Астанада арзан әрі әдемі пәтерлердің суреттерімен адамдарды алдаған түркістандық ұсталды

Астанада жоқ пәтерлерді жалға берген түркістандық ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі өңірлік Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Есіл аудандық Полиция басқармасына қала тұрғыны арызданған. Ол белгісіз бір адам пәтерін жалдаймын деп айтқанын, соған алданып, 15 мың теңге көлемінде алдын-ала төлем жасағанын айтқан.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысының 30 жастағы тұрғыны ұсталды.

"Көркі көз қуантатын, елорданың сол жағалауында орналасқан пәтерлерді әдемі суреттермен әрі арзан бағаға жалға беретіні туралы хабарландырулар жариялаған. Қызығушылық танытқандарға жігіт банк картасының деректерін жіберіп, алдын ала төлем жіберуді сұраған. Оның құрығына кем дегенде 19 адам түскен, олар алаяқтық туралы полицияға ресми түрде арызданды" - дейді Есіл ауданы полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Абшекенов.

Тергеу барысында күдікті интернет арқылы елорда тұрғындарын алдап, 10 мыңнан 50 мыңға дейінгі көлемде алдын-ала төлем алып, кейін ұялы телефонын өшіріп тастап отырғаны анықталды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз