"Алматыға қыдырып келіп, үйге табытпен оралды". 27 жастағы жігіттің туыстары жанайқайын жеткізді

Алматыға қыдырып келген 27 жастағы азамат үйіне табытпен оралды. Марқұм бұзақыларға тап болып, алғашында қашпаққа бекінген. Бірақ соңынан қуып жеткен бірнеше адам оны алысқа ұзатпай, соққыға жығып, жол ортасына тастап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметінше, ес-түссіз жатқанында марқұмды көлік қағып, жүргізуші де оқиға орнынан бой тасалаған. Марқұмның туыстары қылмыс жасағандар әлі күнге дейін бостандықта тайраңдап жүргеніне ашынады.

Оқиға ай бұрын Алматыдағы Райымбек көшесінде болған. Таңғы уақыттағы оқиға бейнекамераға түсіп қалған. Бір топ адамға тап болған 27 жастағы азамат алғашында қашуға бекінгені көрінеді. Көшедегі көліктен көмек те сұраған. Бірақ ешкім жәрдемдеспеген. Кейін бұзақылар қуып жетіп, соққыға жыққан. Тіпті жол ортасына тастап кеткен. Сорақысы, енді есін жинай бастағанында темір тұлпар қағып өткен.

"Жолдың қақ ортасында ұстап алып, ұрып-соғып, басынан, ішінен бір-екі рет тепкілейді. Інім есін жия алмай, сол жерде жатып қалады. Енді есін жиып тұрып жатқан кезде Александр деген кісі джип машинасымен келіп соғып, сол моментте тоқтамай кетіп қалады", - дейді марқұмның ағасы Ербол Хожахметов.

Алғашында соққыға жыққандар қамауға алынған. Туыстарының сөзінше, дегенмен олар көп ұзамай бостандыққа шығыпты. Ал оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі үйқамақта екен. 

"Үйде әке-шешеміз аза тұтып отыр. Інім қайтыс болғаннан бері неше рет талып, әлі есін жинай алмай отыр, сөздің ашығына келгенде. Қазір бостандықта бәрі тайраңдап жүр. Інім отбасылы, екі қызы бар еді. Інім Алматыға қыдырып келіп, табытпен оралып отыр үйге, былайша айтқанда енді", - дейді марқұмның ағасы Ербол Хожахметов.

Полиция департаменті өкілі осы оқиғаға қатысы бар екі күдіктінің үстінен бірнеше қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Қалғандарының ісі тексеріліп жатқан көрінеді.

"Бұл қылмыстық істі Алмалы аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Қылмыстық кодекстің төрт бірдей бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір осы екі қылмысты жасаған адамдар, ұсталды. Көлік жүргізушісі де, жігітті ұрып, қауіпті ортада қалдырғандар да", - дейді Алматы қаласы Полиция департаменті өкілі Салтанат Әзірбек.

Марқұм - Сарыағаш қаласының тумасы. Енді туыстары кінәлілер жазасын заң бойынша алуын талап етіп отыр.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!