Жантүршігер жайт: Жетісу облысында ауыл әкімі оқушыны қағып өлтірген

Жантүршігер жайт: Жетісу облысында ауыл әкімі оқушыны қағып өлтірген
Фото: Тengrinews

Жетісу облысы Кербұлақ ауданында 12 жастағы оқушы қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желідегі жергілікті пабликтердің мәліметінше, көлік тізгінінде әкім отырған.

Аймақ полициясының деректеріне сүйенсек, 2 қарашада 12 жастағы оқушыны Hyundai Creta көлігі қағып кеткен, салдарынан бала қаза тапқан. Көлікті 39 жастағы әйел басқарғаны анықталды.

"Жол апаты дерегі бойынша қажет сараптамалар тағайындалып, ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша соталды тергеу жүргізіледі. Көлік арнайы автотұраққа қойылды", - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәліметінде.

Кербұлақ ауданы әкімдігі өкілдері Көксу ауылдық округінің әкімі Әлия Бақтиярованың қатысы бар жол апаты Ескелді ауданының Биғаш ауылында болғанын растады. Әкімдік мәліметінше, 39 жастағы әйел Көксу ауылдық округінің әкімі қызметін 2018 жылғы 3 сәуірден бастап атқарып келе жатыр.

Оның қазір жұмыс орнында екені де белгілі болды.

"Көксу ауылдық округінің әкімі А. Бақтиярова қазір жұмыс орнында, өйткені жол апаты бойынша тергеу жүргізіліп жатыр, жұмыстан шығаруға нақты негіз жоқ. Бақтиярова Әлия Маратқызы бүгінгі күнге дейін теріс қылықтар жасаған жоқ, бұрын сотталмаған", - делінген Кербұлақ ауданының әкімдігі мәліметінде.

Сондай-ақ, әкім - көпбалалы ана, ол 5 бала тәрбиелеп отыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова