"Содан кейін көп сұхбатқа шыға бермеймін". Танымал актер Берік Айтжанов жұрт білмейтін құпиясын бөлісті

"Содан кейін көп сұхбатқа шыға бермеймін". Танымал актер Берік Айтжанов жұрт білмейтін құпиясын бөлісті
Фото: instagram.com/berik_aitzhanov

Қазақстандық танымал актер Берік Айтжанов өзі түскен түрік сериалының түсірілімі қалай өткенін айтып берді. Өнер иесі түркиялықтардың кино әлеміне жоғары бағасын беріп, олардың асқан кәсібилігін атап өтті. Бұл туралы ол Түнгі Студия бағдарламасына берген сұхбатта әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесі алғашында түсірілім алаңына түрік тілін білмей келгенімен, соңында жақсы сөйлеп кеткен. Өзге тілді меңгеруде оған отандық режиссер Нұрғиса Әлмұрат көмектескен. Ол Айтжановқа түрікше мәтіннің дұрыс оқылуын аудиожазба арқылы жіберіп отырған. Берік Айтжанов Түркия елінің кино индустриясына тәнті болып келген.

"Түріктер сериалды тез түсіреді. Бес-алты күннің ішінде екі сағаттық серияны түсіріп, сапалы материал шығарады. Жылдамдықтары өте керемет. Біздің кинолармен салыстырғанда төрт есе көбірек қаржы, төрт есе көп техника мен адам жұмыс істейді. Түрік сериалдары ислам әлемінде өз көрерменін тапқанын мойындау керек. Сондықтан оларға өз материалын шетелге сату қиындық тудырмайды. Оған сұраныс та көп", - дейді актер.

Сондай-ақ, әртіс бұқаралық ақпарат құралдарына не себепті көп сұхбат бермейтінін түсіндірді.

"Егер байқасаңыздар, мен сұхбат көп бермеймін. Оның бір себебі бар. Мен негізі кино камералары мен театр сахнасында қатты қобалжып көрген емеспін. Ол жерде өзімді еркін ұстай аламын. Ал телевизияның камерасын көрсем, өзімді ыңғайсыз сезінемін. Өзім емес сияқты болып тұрамын. Содан кейін көп сұхбатқа шыға бермеймін", - дейді Берік Айтжанов.

Айта кетейік, актер бұған дейін эксклюзив сұхбат берген еді. Кино әлеміндегі өнерпаздың гонарары қанша? Ол туралы сілтемеге өтіп оқи аласыз.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Е. Ерболұлы