Түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиінен ортақ тіл қалыптаса ма?

Түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиінен ортақ тіл қалыптаса ма?
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Түркі әлемінің ортақ әліпбиіне көшу Қазақстанның латын қаріпіне ауысуына тікелей тәуелді. Саясаттанушы Риззат Тасым түркі мемлекеттері ортақ әліпби жасау реформасы қанша уақытта жүзеге асатынын және елдерге қандай артықшылық беретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Түркі елдеріне ортақ әліпби енгізу мәселесі бұрын идея жүзінде айтылатын болса, бүгінгі таңда нақты қағаз жүзінде бекітілді. Кейінгі Түркі мемлекеттерінің 10-шы саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған Астана декларациясында 156 тармақтың тікелей 2-еуі ортақ алфабитті енгізуге қатысты болды. Яғни 121-122 тармақтар Түркі мемлекеттерінің ақсақалдар кеңесінің ұсынысы бойынша ортақ әліпбиді енгізу мақсатында комиссия құру туралы шешім қабылданды. Иә, бұған дейін әліпбиге түркі ғалымдарының тұжырымдамалары мен түрлі идеялар ұсынылып келді, бірақ меніңше бұл жақын арада шешімін табады деу қиын", - деді Риззат Тасым.

Саясаттанушының айтуынша, түркі мемлекеттерінің көбі латын әліпбиін қолданады және ұйымға бақылаушы елдерде осы бағытта.

"Бәрі мүмкін. Түркі әлемінің келешегі 2040 концептуал құжатының өзінде түркі дәуірінің негізі ортақ түркі бірегейлігін қалыптастыру мәселесі көтеріледі. 100 жылдықта бұл шаруа іске аспаса да, кейін келешекте міндетті түрде жүзеге аса бастайтын секілді. Өйткені бұған себеп бар", - деді Тасым.

Ол ортақ тілге қатысты мәселелелер ұрпақаралық жоба болғандықтан, әлі де пісіп жетілуі керегін атап өтті.

"Жалпы түркі әлемінің ортақ алфабитіне көшу Қазақстанның латын қаріпіне ауысуына тікелей тәуелді деп ойлаймын. Сондықтан бізге бұл бағыттағы жұмысты жалғасытыру керек. Келешекте бұл елдерде "ортақ тіл болады" деген пікірлерді естіп жатамын. Бірақ бұған өте ұзақ жыл қажет, тіпті осы ғасырда мүмкін деп айту қиын. Алдағы 50 жылда тікелей көшу бойынша, қадамдар жасалатынына күмәнмен қараймын. Себебі бұл мәселе әлі айқындалмаған. Ал кейін бұған негіз бар. Мұны құр әңгіме ретінде қарастыру - қате. Екінші бір мәселе, ақпараттық қауіпсіздікке де үлкен қатысты. Біз бұл арқылы ортақ ақпараттық кеңес құру арқылы әр мемлекет ақпараттық қауіпсіздігін де қамтамасыз ете алады. Алдағы уақытта ғалымдар да үлкен жұмыс атқаруы керек. Өйткені саяси шешім қабылданарда міндетті түрде әр елдің спецификасы ескерілуге тиіс", - деп түйеді Риззат Тасым.

Жасұлан Ордабаев

Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең бақытты адамдар қайда тұрады?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!