"Ертесіне бәрін ұмытып қалады". Жазира Байырбекова анасының дерті туралы айтты

"Ертесіне бәрін ұмытып қалады". Жазира Байырбекова анасының дерті туралы айтты
Фото: Фотоскрин

Әнші Жазира Байырбекова анасының сырқаты туралы "Жақсы адамдарым" бағдарламасында айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Өнер иесінің айтуынша, анасы біраз уақыттан бері ауыр дертке шалдыққан.

"Анам өткенде бір қорқытып қойды. Қазір Аллаға шүкір, жақсы. Маған анама қараған, жағдайын жасаған, жолдан шаршап келсем де анама хабарласқан ұнайды екен. Қазір өзімізге жақын жерде тұрады. Анамның мінезі биязы, өзі бала сияқты. Мұны әкем де үнемі айтып отырады. Біреуге біреу қатты сөз айтып жатса, анам бір шетте отырып, қиналып кететін. Оның қасында көңіл-күйді көтеретін әңгіме айтуға тырысамыз. Қазір анама балаша қарап, мәпелеп отырамыз.

Анам бізбен кездескен сайын қатты қуанады. Бірақ ертесіне есінде ештеңе қалмайды. Дәрігердің айтуынша, миға су толып кеткен. Ұмытып қалса, да бізге анамызды қуантатын мүмкіндік бар. Соған шүкір дейміз", - деді әнші.

 Жазира Байырбекова 80-нен асқан енесі туралы да айтып өтті.

"Аралдағы анамыз көп адамға ұқсамайтын қайсарлығымен көзге түсіп жүрген ерекше ана десек болады.Біздің әулет те, көршілер де енемнен ақыл сұрап келеді. Өзінің келіндері түгілі өзге әулеттің келіндері де аяқ тартып, бетіне тік қарамайды. Қазір жасы 80-нен асып кетті. Үлкен кісі қазына ғой. Біздің балаларымыз үйленіп, немерелі болғанша жүре тұрса екен деймін. Өйткені олардың жай ғана отырғаны баланың санасына тәрбие беретін сияқты.

Енем ауылда, анда-санда бізге келіп тұрады. Келін болғаныма 27 жылдан асты. Мені өз қызындай көріп кетті. Енем көп мақтау сөз айтатын адамдардың қатарынан емес. Бірақ, бір сөз айтса мәз боп қаламыз. Өткенде "сен менің басымдағы бағымсың, маған сені Алла жіберген ғой" деді. Соған мәз боп қалдым", - деді әнші.

Еске салайық, бұған дейін "Бет-аузым қисайып, көзім жабылмай қалған". Әнші Жазира Байырбекова өзіне дуа жасалғанын айтты

Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең бақытты адамдар қайда тұрады?

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы