3,5 миллион теңгеге екі бөлмелі пәтерге жөндеу жұмысын қалай жасадым? Менің әңгімем

Жеке баспана - үйден үйге көшіп, ай сайын пәтерақысын төлеп жүрген жандардың жанды жері. Мен де өз үйім болғанын армандаған алматылық жастардың бірімін. Сол арманым былтыр орындалды. Биыл баспанамның кілтін алған болатынмын. Енді сол пәтеріме жөндеу жұмысы қалай жасалып жатқанын, шамамен қанша теңге жұмсалғанын әңгімелеп берсем деп едім. Мүмкін біреу болмаса біреуге пайдасы тиер. 

Былтыр құжат бойынша алған үйімнің кілтін биыл қыркүйектің басында алдым. Кілтті қолыма алған кездегі сезімді бір-екі сөзбен жеткізу мүмкін емес шығар. Баспанамды "Ақкент" шағынауданындағы жаңадан салынып жатқан үйлерден алдым. 

Баспананы былтыр "Алматы жастары" бағдарламасымен алған болатынмын. "Алматы жастары" - жылына бір рет болатын ипотекалық бағдарлама. 35 жасқа дейінгі жастарға баспана алуға тамаша мүмкіндік.

Үй бірінші әрлеу (черновой-еск.) түрінде берілгендіктен жөндеу жұмысы өз мойнымда болды. Онсыз да кілтті бір жылдай күткендіктен жөндеу жұмысына несие алып, бірден кірісемін деп шештім. Бірнеше банкті зерттей келе таңдауым "Халық банкіне" түсті. Банктегі қызметкер несие шарттарын жақсылап түсіндіріп бергеннен кейін өзіме де осы тиімді екенін түсіндім. "Халық банкі" пайыз жағынан да, ай сайынғы төлем жағынан да тиімді түсті. Оның үстіне, қалған банктегі несиелерімді қайта қаржыландырып (рефинансирование-еск.) алдым.   

Өзім бұған дейін жинаған 800 мыңдай ғана ақшам болғандықтан ол жеткіліксіз болатыны айтпаса да түсінікті болды. Осылайша банктен 2,5 миллион теңгедей несие алдым. Солай шамамен 3,5 миллион теңгемен жөндеу жұмысын бастап кеттім. 

Жөндеу жұмысын жасайтын сенімді адамды қалай таптым? 

Мендегі сома айтарлықтай аз болғандықтан мейлінше үнемдеуге тырыстым. Жөндеу жұмысымен айналысатын арнайы сенімді маманды табу да оңай жұмыс емес екен. Алайда ойлана келе жөндеу жұмыстарын туыс ағамызға жасатамын деп шештім. 

Жөндеу жұмысын - 800 мың теңгеге келістік. 

"Қара жұмысқа" қажет заттар

Осылайша қызу жұмыстар, күнде базар аралау басталып кетті. Ең алдымен бастапқы жұмыстарға қажет материалдарын сатып алуға кірістік.

Бірақ өзімнің құрылыс, жөндеу жұмыстарынан аса хабарым болмағандықтан ол істің бәрін жөндеумен айналысатын адамға тапсырдым. Мен тек тауардың ақшасын жіберіп, үйдің дизайны мен қай зат қай жерде орналасады деген дүниелермен ғана айналысып жүрдім.  

"Қара жұмыстарға" қажет тауарларға шамамен 300-350 мың теңге жұмсалды. 

Үйдегі жарық

Үйді жарықпен қамтамасыз етіп отыратын электр тоқтарын сатып алуда ақша үнемдемейін деп шештім.

"Сапалысын алсаң "жүрегің тыныш" болады" деді сатушы да. 

Тоқ жүргізуге қажет заттарға шамамен 120 мың теңге кетсе, оны орнату жұмыстарына да 120 мың теңге  жұмсалды. 

Кафель 

Жуынатын бөлмеге және ас үйге қажет кафельдерді арзанырақ алу үшін базарға жол тарттық. Базарда да таңдау жақсы болды. Көзім ең қарапайым, орташа бағадағы кафельдерге түсті. 

Жуынатын бөлме мен ас үйге қажет кафельдерге шамамен 138 мың теңге жұмсалды. 

Есіктер

Артынша есік және оны орнатуға қажет нәрселерді іздей бастадым. Өзімнің ойымда жүрген есікті базардан-ақ таптым. 

Екі есік және оны орнатуға қажет заттарға жалпы 103 мың теңге жұмсалды. 

Ванна

Жинаған қаржым санаулы болғандықтан бұл жерде де барынша үнемдеуге тырыстым. Сондықтан ваннаға қажет құралдардың бәрін базардан алдым. Оның ішінде, жуынуға қажет шкаф та, ваннаның өзі де, дәретхана (унитаз-еск.) да бар. 

Жалпы бұл үшеуіне (шкаф, унитаз, ванна) 160 мың теңге жұмсадым. 

Еден 

Паркетке "шамам жетпейтінін" түсініп, ламинат салдырамын деп шештім. Ламинат базардан гөрі, арнайы дүкендерде арзанырақ болып шықты. 

Осылайша таңдауым арзан да емес, қымбат та емес ламинатқа түсті. Шамамен 150 мың теңгемді ламинатқа жұмсадым. Одан бөлек, еденге қажет ернеуліктер мен оны жалғайтын ұсақ-түйектерге қосымша 20 мыңдай кетті. 

Үйдің бояуы

Бұл жерде не түсқағаз жабыстыру, не бояу деген екі таңдау болды. Бағаларын салыстыра келе бояу арзанырақ шығатынын түсіндім де бірден түсін таңдауға кірістім. Түс таңдау оңай іс болмады. Себебі түстерді көріп көзің жан-жаққа "жүгіріп" кетеді. Ақыры сатушы айтқан қазір "трендтегі" түстердің бірін таңдадым (өкініп қалмасам болды). 

Ас бөлме

Жөндеу жұмыстарын бастағаннан кейін бір айдан соң арманымдағы ас үйді ойластыра бастадым. Асүй жиһазын қазақстандық мамандарға алдын ала тапсырыс бердім. Асүйге және жуынатын бөлмеге қажет крандарды қытайлық сайттардан тапсырыс бердім. Қазіргі трендтегі крандар елімізді 80-90 мыңның айналасында болса, қытайлық сайттардан жеткізуімен 50 мың теңгеге шықты.   

Арманымдағы асүй жиһазын жасауға 600 мың теңге жұмсалды. 

Қорытынды

Жөндеу жұмыстары аяқталар шақта жұмсаған ақшаңыздың шегіне жете алмай қаласыз. Себебі жинап, несиеге алған ақшадан бөлек, арасында өзім қосып тұрған қаржы да болды.

Құны орташа тауарларды алып, үй дизайнын өзім жасауым ақша үнемдеуіме себеп болды деп ойлаймын. Тағы бір кеңес - үйге қажет нәрсенің кейбірін (кран, шұңғылша (раковина), люстраны) қытайлық сайттардан еш қорықпай тапсырыс берсеңіз айтарлықтай үнемдейсіз. Себебі Қазақстаннан бірнеше мыңға көрген дүниеңізді қытайлық сайттардан бірнеше есе арзанға сатып алуыңыз мүмкін. Тек оны 1-2 апта күтсеңіз болғаны. 

Одан бөлек, үйге қажет техникаңыз да бар. Оны ақша жинап немесе банк маркеті арқылы бірнеше төлеп алу не алмау - өз еркіңіз, өз таңдауыңыз.

Суреттер: жеке архив 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз