Табалдырықта неге тұруға болмайды? Этнограф жауап берді

Табалдырықта неге тұруға болмайды? Этнограф жауап берді
Фото: benzoix/Freepik

Қазақ халқы қай істі бастаса да ырымға балайды. Соның бірі "Табалдырықты баспа, табалдырықта тұрма, босағаны сүйеніп тұрма" дегенді сіз де талай естіген боларсыз? Көпшілік мұндай сөз тіркесін естігенімен, оның мағынасын, себебін біле бермейді. Табалдырықтың неліктен мұндай қасиетті екенін этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне түсіндіріп берді.

Этнографтың айтуынша, бұл ырым баланың әдепті, мәдениетті, жақсы дәріптелгенін көрсетеді. Ежелде қазақтар екінші бақ - табалдырықта, босағада, маңдайшада, шаңырақта, іргеде, төрде тұрады деп санаған көрінеді. 

"Бұл көк шөпті жұлма, құстың балапанын өлтірме деген сияқты қазақтың керемет бір дәстүрі. Үйден қаралы өлім шыққанда, жылағандар табалдырықта тұрып денені қимай, шығармай тұрады, сондықтан осыған ұқсас жаман ырымды жасамау керек дейді. Мысалы, шапанды жамылып жүрме деп айтады, бұл екі жеңі салақтап жүрсе, қолы жоқ адамды еске түсіреді. Осындай ырымдар ұрпақты мәдениеттілікке тәрбиелейді. Маңдайшаға атылса, маңдайша сынып кетуі мүмкін; босағада керілсе, босаға сынып кетуі мүмкін; табалдырықты баспа, жолың болмай қалады деп ескерту арқылы қауіп-қатерден қорғайтын ырымдар", - деді Болат Бопайұлы. 

Сонымен қатар, бұл ырымның ежелден келе жатқан аңызы бар. 

Баяғыда Құт, Береке және Бақыт деген үш дос болыпты. Үшеуі ақылдасып, ел аралауға шығыпты. Ұзақ жол жүріп ашығып, шөлдеп келе жатқанда бір үйге тап болыпты. Есігін қағып, кіруге рұқсат сұраса, үй иесі жағдайының жоғын айтып қонақ күтуден бас тартқан көрінеді. Дәл осы себеппен тағы 5-6 үйге де кіре алмаған. Кейін төменгі жақтан шамның жарығы көрінеді. Үшеуі түн қараңғысында әлгі үйдің есігін қағыпты. Үйден құрақ ұшып шыққан қариялар оларды құшақ жайып күтіп алыпты. Бізге тамақ керек емес, тек түнеп шықсақ болғаны депті үшеуі жарысып. Сонда отағасы қазан асып бере алмасақ та, тары қуырып беруге шамамыз жетеді деп үшеуіне дастархан жайған екен. Үш дос қариялардың кеңпейілдігіне риза болып, сол үйде мәңгі тұрақтап қалыпты. Үйдің өзі шағын, артық адамға артық орын да жоқ. Үй иелері ұялғандарынан өз төсектерін ұсынған екен. Сонда Құт тұрып, әркім өз төсегіне ие болсын. Мен табалдырықта қонамын депті. Береке еш ойланбастан дастарханға жайғасыпты. Ал Бақыт төр менікі деп иеленіп алыпты. Сол түннен бастап кедейшілікте ғұмыр кешіп келген қариялардың шаңырағында тоқшылық пен молшылық орын алыпты. Ду-думан да осы үйде болыпты, асыр салған бала-шаға да осы үйге үйір болған екен.

Айта кетейік, бұған дейін қазақ иткөйлекті неліктен теріс қаратып тіккені хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Әлемдегі ең бақытты адамдар қайда тұрады?

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә