"Қазақстанды сағынышпен еске аламын". Атыраулық каскадер Голливуд жұлдыздарымен бірге фильмдерге түсіп жүр

Атырау облысы Индер ауданының орталығы Индербор кентінің тумасы Тимур Құрманов - кәсіби каскадер. Ол - фильмдердегі күрделі де қауіпті трюктерді орындаушы. Тимур көптеген фильнің түсіріліміне, соның ішінде әйгілі америкалық киножұлдыз Виола Девиспен бірге "Жауынгер патшайым" фильмінде, Брюс Лидің түпнұсқа идеясына негізделген "Жауынгер" америкалық экшн сериалының үшінші маусымына қатысқан. Оның кейінгі жұмыстарының бірі - Netflix-тің "One Piece" атты танымал туындыдағы өнері, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі azh.kz басылымына сілтеме жасап. 

Тимур 1975 жылы дүниеге келген, Байұлы-Беріш руынан. Балалық шағы туған ауылында, ал жастық шағы Ақтөбедегі Хромтауда өткен. Сол жерде мектеп бітіріп, Жұбанов атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Институтта жекпе-жек өнеріне - кикбоксингке, боксқа және тхэквондоға қызығушылық танытыпты. Ал бала кезінде еркін күреспен де айналысқан. Тимур тхэквондодан Әлем және Еуропа чемпионы. 

Тимур бұл салаға қалай келгенін әңгімелеп берді.

"2004 жылы мен чемпион атанған Архангельскіде өткен тхэквондодан әлем чемпионатында Оңтүстік Африкадан да команда болды. Оларға біздің техникамыздың ұнағаны сонша - біздің команда спаррингте өнер көрсеткеннен кейін олар менің бапкерімді Африкаға шақырды. Ол кезде мен Ақтөбе федерациясының вице-президенті болатынмын, одан кейін шақырту бойынша мен де бардым", - дейді Тимур.

2007 жылдан бастап ол Оңтүстік Африка Республикасында тұрады. Үнді мұхитының шығыс жағалауында орналасқан Дурбан қаласына жақын жерде Квазулу-Натал провинциясының Этеквини округінде бапкер болып жұмыс істейді. Ол жерде көптеген Голливуд фильмдері экзотикалық африкалық ландшафтарда түсіріледі. Кейбір фильмдерде Тимур әлдебір тайпаның жауынгері ретінде найзамен, африкалық кукри пышақтарымен шайқасады, бірақ ол көбіне жекпе-жек өнерін көрсетеді.

Тимур қазір жаңа фильмнің түсіріліміне дайындалып жатыр екен. Сондықтан оның бүкіл күні минутына дейін жоспарланған. 

Тимурдың сөзінше, қарапайым отбасында дүниеге келген.

"Әке-шешем еңбекқорлықты, тәртіпті, әдептілікті бала күнімнен бойыма сіңіріп өсірді. Туған жерге деген сүйіспеншілікті де. Айтпақшы, мен Қазақстан азаматтығынан бас тартқан жоқпын, бұл жерде ықтиярхатпен тұрып, жұмыс істеп жатырмын. Әке-шешем Индерборға жиі барады, онда туыстарымыз тұрады. WhatsApp-та "Оңтүстік Африкадағы қазақстандықтар" тобында бармын. Бұл жерде бірнеше отандасым тұрады, олар Атыраудан. Бұл бір кездер тұрмысқа шығып, көшіп кеткен қыздар. Оңтүстік Африкада қазақтар аз, бәрі бір-біріне қолдау көрсетіп жүреді. Әрине, туған жерімді сағынамын, бірақ кейінгі жылдары жұмысым көп болып кетті; үйге бармағаныма 5 жыл болды, Қазақстанды жиі сағынышпен еске аламын", - дейді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!