БҚО-да шаруалар ірі қара мал жаппай қырылып жатқанына шағымданды

Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтарының басшылары белгісіз аурудан жүзге жуық ірі қара мал қырылғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой Город" басылымына сілтеме жасап. 

Бөрлі ауданының шаруа қожалықтары қоғамының төрағасы Бақыт Далабаев мұндай жағдай қазір бүкіл Қазақстанда болып жатқанын жеткізді. Фермерлердің сөзінше, сапасыз вакцинаның салдарынан мал жаппай қырылып жатуы мүмкін.

"Сақтау мерзімдері мен шарттары бұзылған болуы мүмкін немесе тасымалдау кезінде бірдеңе дұрыс болмады. Вакцинаның сапасы да нашар болуы мүмкін. Бізге қаладан комиссия келді. Мұндай жағдайда төтенше жағдай режимін жариялау және фермерлерге келтірілген залалды өтеу қажет деп санаймын. Өйткені халық осы малдың арқасында күн көріп отыр. Биыл "Ауыл аманаты" бағдарламасы бойынша көптеген ауыл тұрғыны өмірлерінде алғаш рет мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдады. Олар тіпті малдың өліміне не себеп болғанын білмейді. Ал енді сол малды сатып алған несиелерін өтеуі керек", - дейді Далабаев.

БҚО ветеринария басқармасы мәліметінше, ауданда ірі қара төлдері өлгені расталған. Алайда тек 13 бас мал қырылғаны хабарланды.

Ведомство мәліметінше, үш айдан төрт жасқа дейінгі барлық ірі қара малға эмфизематоз карбункулға қарсы вакцина салынған. Препарат сәуірде Алматы облысындағы "Антиген" кәсіпорнында өндіріліпті. Жарамдылық мерзімі - 12 ай.

Басқарма өкілдері қазір аудандағы эпизоотиялық жағдай ветеринария мамандарының бақылауында екенін мәлімдеді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!