Газа секторындағы қазақстандықтар неге келе алмай отыр? СІМ жауап берді

Газа секторындағы қазақстандықтар неге келе алмай отыр? СІМ жауап берді
Фото: un.org

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Мысыр мемлекеті құжат жүзінде бірнеше талап қойып отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Биыл 1 қарашада шетелдік азаматтар мен қос азаматтығы бар палестиналықтарды эвакуациялау басталды. Өкінішке қарай, 4 қарашадан бастап Рафах пункті (Мысыр) арқылы шетелдіктер мен жаралыларды эвакуациялау тоқтатылды", - деді ол.

Оның айтуынша, Мысыр және Израиль талаптарына сәйкес әр елге Рафах пункті арқылы шетелдіктерге өтуіне белгілі бір күн беріледі.

"Мұнда тәулігіне 500-ге жуық адам ғана өтеді, сондай-ақ, шамамен 45 елдің елшіліктері ұсынған тізімдегі адамдардың жалпы саны ескеріледі. Бұл * шамамен 7 мың адам", - деді ол министрлікте өткен брифингте.

Қазір Қазақстан азаматтарын эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Дегенмен Смадияров көп мәселе министрліктің жұмысына байланысты емес екенін айтады.

"Бұл әскери дипломатиялық дағдарыспен бүкіл әлем күресіп жатыр. Біз өз тарапымыздан толық дайынбыз. Азаматтарымыз Мысыр шекарасынан өткеннен кейін арнайы эвакуациялық борт Каирден ұшып шығуға дайын. Шетелде қазақстандықтардың құқығы мен мүддесін қорғау - Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен елшіліктердің міндеттердің бірі. Алдын алу шараларын қабылдау үшін Таяу Шығыстағы жағдайды бақылап отырмыз. Өкінішке қарай, оның шиелінісі күрделеніп келеді", – деді СІМ-нің ресми өкілі.

Олжас Адай 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек