Алматы әуежайы 8 милионыншы жолаушыны ерекше қарсы алды

Алматы әуежайы 8 милионыншы жолаушыны ерекше қарсы алды
Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда

Бүгін Алматы халықаралық әуежайы өзінің 8 миллионыншы жолаушысын қарсы алды. Бұл қазақстанда бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Сол себепті әуежай басшылығы жолаушыны арнайы VIP бөлімге алдырып, арнайы сертефикат пен шетелге жолдама табыстады. Тарихи оқиғаға Massaget.kz тілшісі куә болып қайтты. 

2023 жыл TAV Airports Holding басқаратын және қызмет көрсететін Алматы халықаралық әуежайы үшін рекордтық жыл болды. Жолаушылар ағыны қазірдің өзінде сегіз миллион адамға жеткен. Осы бір тарихи датаға тап келген Оралдан-Алматыға Эйр астана ұшағымен келе жатқан Қайрат Манабаев есімді азамат. Ол өзінің қуанышымен бөлісіп, Алматы әуежайы қызметкерлеріне алғысын айтты. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. Орал қаласының тұрғыны - Қайрат Манабаев.

"Бүгін бір ерекше эйфорияда тұрмын. Бортсерік қыз келіп қонғаннан кейін қауіпсіздік қызметі өкілдеріне жолығуымды сұрады. Басында бірнәрсе бүлдірдім ба? - деп ойлап қалдым. Мен өзімнің осындай ерекше датаға тап болғанымды ұшақ қонғаннан кейін бір-ақ білдім. Ойламаған жерден осындай үлкен сыйлыққа кенелемін деп күтпедім. Шетел компаниясында жұмыс істегендіктен ұшақпен жиі жүремін. Алматы әуежайының қызметкерлеріне алғыс айтамын", - дейді Орал қаласының тұрғыны Қайрат Манабаев. 

Жолаушыға  “Халықаралық Алматы әуежайы” АҚ Президенті Альп Ер Тунга Ерсой арнайы сертефикат табыстады. Сондай-ақ Грузияның Тбилиси қаласына 5 күнге жолдама сыйлады.

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

"Бүгін біз үшін тарихи күн. Алматы әуежайынан 8 миллионыншы жолаушыны күтіп алып тұрмыз. Бұл Қазақстан үшін де тарихи оқиға. ҚР Көлік министрлігіне, Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне, жолаушыларға алғысымды білдіремін. Бұл оқиға жедел түрде жаңа терминалдың қажет екендігін айғақтап тұр. Сол себепті біз қазір тез арада жаңа терминалды іске қосу үшін әрекет етіп жатырмыз. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды, жазғы маусымнан бастап жаңа халықаралық жолаушылар терминалын іске қоспақпыз", - деді “Халықаралық Алматы әуежайы” АҚ Президенті Альп Ер Тунга Ерсой. 

Айта кетейік Алматы халықаралық әуежайының сыйымдылығы 2,7 миллион адамға есептелген. Алайда былтыр 7,2 миллион жолаушыны қабылдаса, биыл қарашаның өзінде жолаушылар саны 8 миллионға жетті. Осыған байланысты әуежай президенті алдағы бірқатар жоспарларымен бөлісті. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда. “Халықаралық Алматы әуежайы” АҚ Президенті Альп Ер Тунга Ерсой.

"Алматы халықаралық әуежайын кеңейту бойынша ауқымды жоба жаңа жолаушылар терминалы мен жалпы авиация ғимараттарын салуды, сондай-ақ эстакаданы, орталық инженерлік қондырғыны, аэродром мен вокзал аумағын қайта жаңартуды қамтиды. Қазір біз жаңа көлік тұрағын аштық. Сонымен қатар Алматы әуежайын қоршау, шуды оқшаулау, жанармай резерві секілді жұмыстар аяқталды. Жанармайды жаңалау жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Сәуір айынан бастап экоотын жүйесіне көшеміз", - деді Альп Ер Тунга Ерсой. 

Фото: Massaget.kz \ Болат Айтмолда.

Жаңа халықаралық жолаушылар терминалы ашылғаннан кейін әуежай әкімшілігі ескісін жаңғыртуды жоспарлап отыр. Осылайша, жаңа жолаушылар терминалы тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағысы ішкі рейстерге қызмет көрсетеді екен. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Зинешов