"Малымыз өліп жатыр". Ақтөбе облысында тұрғындар кәріз құбырынан аққан суға наразы

Ақтөбе облысындағы Шалқарда кәріз құбырынан аққан сасық су далаға ағып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шалқардағы барлық кәріз жүйесінен шыққан су құбыр арқылы қаладан 3-4 шақырым жердегі арнайы орынға төгіледі. Осыдан бір ай шамасында кәріз су жүретін темір құбырлар қазып алынып, сасық су айдалаға аққан. Редакцияға хабарласқан ауданның белсенді азаматы Ерлан Әбдікәрім мәселені айтып берді.

"Осыдан үш апта бұрын кәріз құбырының 500-600 метрге дейін біреулер қазып алған. Құбырдың жартысын алып кеткен соң, сасық су далаға аққан. Тереңдігі үш метрдей қазылған құбырдың орны кәріз суына толып тұр. Тасып айдалаға аққан. Тұрғындар лас суды "малымыз ішіп, өліп жатыр" деп хабарласты. Мәселені аудан әкімдігіне, прокуратураға, полицияға, осы құбырларға жауапты мекеме басшылығына да айттым. Видеосын да жібердім. Бірақ бәрі үнсіз, құбырды кім алып жатыр, оны қайда жібергенін айтпайды. "Ұлы борсық" мекемесінің басшысы бәрін жөндейміз деген. Бірақ мәселе шешілмеді", - дейді Ерлан Әбдіркәрім.

Жақында сол жерге қайта барған Ерлан Әбдікәрім темір құбырлардың орнына пластика құбыры салынғанын көрген.

"Қазып алынған темір құбырлардың орнына сапасыз пластика құбырлар орнатылған. Диамерті 110 сантиметр шамасында болады. Бұл қысымға шыдай ма, ол жағы белгісіз, алда қыс келе жатыр. Әрі құбырдың беті жабылмаған, сол күйі жатыр. Ал бұрынғы темір құбырлардың диаметрі 225-250 болатын. Кеңес дәуірінде өте сапалы салынған құбырлар әлі ескіре қойған жоқ. Құбыр жарылып, кәріз жүйесінен ақау кетіпті дегенді естіген жоқпыз. Бірақ оны неге алып жатқанын түсініксіз. Жалпы аудан аумағында осындай темір құбырларды алу жиілеп кетті. Аудандағы осындай құбырларды металл тапсыратын жерге өткізіліп жатқанын естідік", - дейді белсенді азамат.

Сондай-ақ, кәріз су төгілетін аймақ қоршалмаған. Ерлан Әбдікәрім ол жерге мал түсіп кетуі мүмкін екенін айтады.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін құбырларға жауапты "Ұлы борсық" коммуналдық кәсіпорнының директоры Бақытқали Абдоловқа хабарластық.  Оның айтуынша, темір құбырлардың тозығы жеткен.

"30-35 жыл болған құбырлар қайта-қайта жарылды. Соған байланысты орнына  пластика құбырлары салынды. Бұл жұмыспен жеке тұлға айналысты. Олар эксковатормен темір құбырларды қазып алып, орнынар пластикалық құбыр салып кетті. Біз ешқандай қаржы жұмсаған жоқпыз. Жаңадан салынған құбырдың диаметрі - 110. Бұл талапқа сай. Ал аққан суды су соратын көлікпен алып тазартамыз", - деді Бақытқали Абдолов.

Мекеме басшысы олқылықтар алдағы 3-4 күнде қалыпқа келетінін айтты.

 Кәмшат Сексенбайқызы

Тағы да оқи отырыңыздар: Соқырішектің белгілері қандай? Аппендикс жарылса, не болады?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз