"Тасқынды айту - мен үшін ең қиыны". Роза Рымбаева марқұм күйеуін еске алды

Әнші Роза Рымбаева "Алғашқы" бағдарламасында өнерде ұстазы, өмірде жұбайы болған Тасқын Оқапов туралы әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Роза Рымбаева Тасқын Оқаповқа 1976 жылы тұрмысқа шыққан.

"1976 жылы 19 желтоқсанда Роза Рымбаева мен Тасқын Оқаповтың үйлену тойы болды. Ол той мына жерде, "Қаламгер" кафесінде болған еді. Сол тойда мен Розаға қыз жолдас болғанмын", - деді әншінің құрбысы Кенже Жайынбаева бағдарлама барысында.

Видеодан алынған кадр

Ал әнші ауылға келін болып түсті дегенді естіген жұрт сол үйдің алдына жиналған екен.

"Ауылда үнді фильмі болады клубта. Роза келін болып түскен күні үнді фильмінен шыққан ауылымыздың халқы Роза келе жатқанын естіп, аулаға жиналып, түгел қаптап кеткен", - дейді әншінің қайын сіңілісі Ақмарал Оқапова. 

Әншінің қайын ағасы Мэльс Оқаповтың сөзінше, Роза Рымбаева келін болып түскенде өте қарапайым болған.

"Өте сыпайы, қарапайым, құрақтай ұшып қарсы алатын. Үйде екі-үш сиыр бар еді, оны да сауып, сүтін, үйдің шаруасын реттеп, өз үйінде жүргендей бірден (үйреніп кетті - еск.)", - дейді әншінің қайын ағасы Мэльс Оқапов.

Өнер иесі бұл отбасындағы екінші келін болғанын айтады.

"Оқап атамыздың бес келіні болған. Мен екінші келінімін. Сиыр да сауамыз, ауласын сыпырамыз, бауырсағын да жасай береміз. Ауылға, үйге келгенде келінбіз. ...Тасқын бар жағынан жоғары болды. Мәдениеті, салмақтылығы", - дейді ол.

Роза Рымбаеваның сөзінше, жұбайы өмірден өткен соң балалары үшін берілмеуге тырысқан.

"Тасқын өткеннен кейін Мәди дүниеге келді. Екі баламен депрессияға кетуге ешқандай қақым жоқ еді. Себебі екі бала үшін өмір сүруім керек. Сахнада да жыладым, сол сахнада бақытымды да айттым. Сол сахнада екі баламды айттым. Халықпен сахнада бөлістім. Қайғыға берілмеймін деген мақсат қойдым. Әрине, ол Тасқынды ұмытты деген сөз емес. Тасқын менің ішімдегі жазылмайтын жара ғой. Сондықтан балалардың алдында көз жасымды көрсетпеуге тырысамын. Көрерменге де көбіне мықты әйел болып көрінгім келеді. Тасқынды айту - мен үшін ең қиыны. Себебі мен жаңа ғана күліп отырып, анекдот айтып отырған Рымбаеваның көзіне жас толады", - дейді ол. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!