"Өмірден түңіліп, осындай қадамға барған". Ақтөбеде әйел адам 25-қабаттан секіріп кетпек болған

Ақтөбеде әйел адам 25-қабаттан секіріп кетпек болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицейлер 25-қабаттан секірмек болған әйелді құтқарып қалды. 3 қарашада  түскі мезгілде полиция капитаны Мөлдір Асылбаева мен полиция лейтенанты Ақасыл Дәулет жұмыс бабымен Ақтөбе қаласы 11-мөлтек ауданда  орналасқан "Ақтөбе ажары" тұрғын үй кешенінің жанынан өтіп бара жатып, 25-қабаттан секірмек болған адамды байқап қалған.

Полицейлер бірден 25-қабатқа көтерілген кезде, қасына адамдарды жақындатпай, өзіне қол жұмсағалы тұрған қатты эмоционалдық күйдегі әйел адамды көріп, алдымен әңгімелесу арқылы оны дереу тыныштандыруға көшкен.

Әйел адамды аман алып қалған полицейлер

32 жастағы әйел полицейлерге жақын туыстарының қазасынан және жақын адамдары мен отбасы мүшелерімен туындаған келіспеушіліктер салдарынан өмірден түңіліп, осындай қадамға барғанын жеткізді.

Полиция қызметкерлері М.Асылбаева мен Ақасыл Дәулет өмірден баз кешкен әйелді сабырға шақырып, оған көмектесетінін, қиын жағдайдан шығуға көмек беретінін айта отырып, 1 сағаттан астам әңгімелесу жүргізіп, нәтижесінде азаматшаны бұл қадамнан бас тартуға көндіріп, аман алып шықты. Күйзелістегі әйел медицина қызметкерлеріне тапсырылды.

Адам өміріне арашашы болған қос полицей Астана ауданы №2 қалалық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор болып жұмыс жасайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!