Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирін аяқтады

Елена Рыбакина WTA қорытынды турнирін аяқтады
Фото: wtafinalscancun.com

Теннистен Қазақстан құрамасының лидері Елена Рыбакина Мексиканың Канкун қаласында өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің жарыс жолынан шығып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Турнирдің үшінші топтық матчтында әлемнің бірінші ракеткасы, белорусь теннисшісі Арина Соболенкомен кездесті. Астана уақытымен 3 қарашада таңертең ерте басталған матч жаңбырдың салдарынан бірнеше рет тоқтатылып, соңында бір тәулікке кейінге қалдырылды. Соболенко 6:2, 3:6, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Матч 2 сағат 21 минутқа созылды.

Елена Рыбакина өз тобындағы алғашқы турда америкалық Джессика Пегуледен 5:7, 2:6 есебімен жеңілсе, екінші матчта грек теннисшісі Мария Саккариден 6:0, 6:7, 7:6 есебімен басым түсті.

Топтан жартылай финалға Пегула мен Соболенко шықты. Олардың қарсыластары Коко Гауфф (АҚШ) – Маркета Вондроушова (Чехия) және Ига Швентек (Польша) – Онс Жабер (Тунис) матчтарынан кейін анықталады. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы