"Ота жасату үшін әкесі там-тұмдап тиын-тебен жинаған". Журналист Аягөзде қаза тапқан төрт баланың отбасы туралы айтты

"Ота жасату үшін әкесі там-тұмдап тиын-тебен жинаған". Журналист Аягөзде қаза тапқан төрт баланың отбасы туралы айтты
Фото: Pixabay.com

"Азаттық Радиосының" журналисі Нұртай Лахан Facebook-парақшасында Аягөзде өрт кезінде қаза тапқан 4 бала мен отбасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Журналистің сөзінше, ауылда балалардың жетісі берілген екен. 

"Ауыл жаққа бардым. Жолай өткенде Аягөзде өрттен қайтқан төрт сәбидің үйіне кіріп, орнына бата жасадым. Жетісін беріп жатыр екен. Байғұс әке-шеше естерін жия алмай, әлі мең-зең болып отыр", - дейді Нұртай Лахан.

Оның сөзінше, балалардың егіз екені - жалған ақпарат. 

"Ресми ақпарат қайтыс болған төрт баланың екеуін "егіз" деп берген еді. Олай емес екен. Арнұр мен Нұрасылдың арасы екі жас. Туыстарының айтуынша, отбасының екінші ұлы Нұрасылдың көзі дұрыс көрмейді. Бұған дейін екі рет ота жасатқан. Үшінші рет тағы бір ота жасату үшін әкесі там-тұмдап тиын тебен жинаған. 900 мың теңге. Оны қысқы курткасының төс қалтасына сақтаған. Өрт болған күні сол ақшаны ерлі-зайыптының неке сақинасымен қоса ұрлап кетіпті. "Үйге өрт сөндірушілер мен полициядан басқа ешкім кірген жоқ" дейді Бауыржанның жақындары.

Айтпақшы, үш баланы әкесі, кішкентай ұлды көршісі алып шыққан. Өрт сөндірушілер содан кейін ғана келген. Отағасының қолына алатын жалақысы 80 мың теңге ғана болған. Ресми биліктің "120 мың теңге" дегені де өтірік. 2019 жылы үш ай атаулы әлеуметтік көмек алған. Кейін бір сиырың бар екен деп қысқартқан. Онымен қоймай "егер қол қоймасаң үш айдың ақшасын өндіріп аламыз" деп қорқытып, "өз еркіммен бас тартам" деп жаздырып алған", - дейді журналист.

Осыдан екі жыл бұрын Аягөзден Шұбартауға шығатын тұсқа әлеуметтік үйлер салған екен.

"Содан үй беріпті. "Желтоқсанда үш күннің ішінде кір" деді. Кірдік. Күніне он екі шелек көмір жақтық. Терезенің астынан жел соғып, үй жылымады. Балалар ауыра бастады. Бір апта өткеннен кейін "көктемде үйді жөндеп бірақ кірейік. Ескі болса да бұрынғы үйімізге қыстайық" дедік. Әкімдік "Болмайды. Олай болса үйден бас тартамыз деп қолхат жазып бер" деді. Амалсыз жазып бердік дейді қаралы шаңырақ иелері.

Қаралы отбасы әзірге туыстарының үйін паналап жүр. Аудан әкімі қарашаның соңына дейін жалдамалы үй тауып беретінін, сосын жиналған қаражатқа қаладан үй алып беруге уәде еткен. Балалардың шешесі екі сиырдың сүтін сатуға кеткен. Сондағы күндік табысы 1500-2000 теңге екен. Балалар сол кезде сіріңке шаққан. Матрасқа тиіп тұтанған. Үйдің ішін алып кеткен түтінге тұншығып өлген. Кішкентай Рамазанның емшектен шыққанына екі ай ғана болыпты", - дейді Нұртай Лахан. 

Еске салайық, 26 қазанда Абай облысы Аягөз қаласында өрт болып, төрт бала өлі табылған еді. 25 қазанда сағат 10:49-да ТЖБ күштері мен құралдарын жедел басқару орталығының пультіне Аягөз қаласының жеке үйлерінің бірінде түтін шыққандығы туралы сигнал түскен. 

Артынша Аягөзде өрт кезінде қаза тапқан 4 бала туралы жаңа деректер шыққан еді. Бұған дейінгі ақпарат бойынша, өрт кезінде бір үйде 8 жастағы егіздер мен олардың 3 және 2 жастағы інілері көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болғаны хабарланды. Жекеменшік үйде өрт шыққан. Ата-анасы оқиғадан кейін ес-түссіз халде болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина