"Достарымды да шақырамын" деді". Алматыда клуб күзетшісі келіншекті қорқытып зорлаған

"Достарымды да шақырамын" деді". Алматыда клуб күзетшісі келіншекті қорқытып зорлаған
Фото: видеодан алынған кадр

Алматылық келіншек клубтың күзетшісі зорлағанын мәлімдеді. Тамыз айында болған жағдайды ол енді ғана жариялауға бекінген. Айтуынша, жас жігіт пышақпен қорқытып, болған жағдайды телефонға да түсіріпті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Қорыққанымнан қорлыққа көндім, зорландым" деген алматылық 30 жастағы әйел күзетшімен барда танысқан. "Үйіне шығарып салам" деген өтініші секем туғызбай, "қасыма ерттім" дейді. Оның айтуынша, үйдің дәлізінде пышағымен қорқытып зорлық жасаған. Онымен қоймай, телефонына да түсіріпті.

"Бір сәтте оның телефонға түсіріп тұрғанын түсіндім. Оған "қажет емес" деп жалындым. Мені әбден қорлап, айтпағаны жоқ. "Қазір қажет болса, достарымды да шақырамын" деді. Әбден зәрем ұшты. Бұл адамды жауапқа тарту керек! Соңына дейін баруға дайынмын", - дейді жәбірленуші.

Жәбірленушінің айтуынша, күдіктіні полиция ұстағанмен, кейін босатып жіберген. Онымен қоймай үйіне келіп, "арызыңды ал" деп қорқытқан көрінеді. Ол әңгімені телефонына түсіріп алған.

Жәбірленушінің адвокаты полиция қызметкерлерінің мұндай талап қоюын "заңды өрескел бұзу" дейді. Оған жол бергендер "Тиісті жазасын алсын" деген талап қойды.

"Олар жәбіреншуіні өз еркінен тыс "Күдіктімен бетпе-бет жүздестіреміз" деген желеумен полиция бөлімшесіне жеткізбек болған. Бірақ ол кезде Алмалы ауданының полиция бөлімінде қылмыстық іс тіркеліп үлгермеген еді. Қылмыстық іс тек кезекші прокурорға біз шағым тастағанымыздан кейін бір-ақ қозғалды", - дейді жәбірленушінің адвокаты Әлия Омарова.

Полицияның айтуынша, түскен арыз бойынша тергеу жүріп жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған. Сондай-ақ қызмет тексерісі жүргізіліп жатыр.

"Зорлық-зомбылық әрекетінің болу-болмауы міндетті түрде анықталады. Сонымен қатар полиция қызметкерінің тарапынан болуы мүмкін заңсыз әрекеттері тексеріледі. Оның іс-әрекетіне міндетті түрде баға беріледі. Егер осы мәлімет дәлелденсе, онда тәртіптік тұрғыда жазаланады", - дейді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Ал күдіктіден бұлтартпау шарасымен қала аумағынан шықпау туралы қолхат алынған. Өйткені зорлық көрсеткен-көрсепегені сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан