Блогер Аяз Шабутдиновтің не үшін ұсталғаны белгілі болды

Блогер Аяз Шабутдиновтің не үшін ұсталғаны белгілі болды

Блогер Аяз Шабутдиновтің не үшін ұсталғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

32 жастағы бизнес-коуч Аяз Шабутдиновті жедел қызметкерлер 3 қараша күні таңертең Мәскеуде жалдап тұрып жатқан пәтерінде ұстаған.

Журналистердің хабарлауынша, оның үстінен "Аса ірі көлемдегі алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Аяз Шабутдиновтің ұсталуына оған жалпы сомасы 5 миллион рубль төлеген бірнеше кәсіпкердің арызы себеп болған.

"Ол білім беру қызметін желеу етіп, кез келген бизнесті дамытудың бірегей әдістерін сатқан. Жәбірленушілердің пікірінше, сабақта "Өзіңе сену керек, сонда бәрі болады" деген мәлімет айтылған, - делінген хабарламада.

Басылымның хабарлауынша, тергеуде алаяқтық әрекетінен зардап шеккендердің саны жүзден астам адам болуы мүмкін екені белгілі болған. Жауап алынып болған соң Аяз Шабутдиновке қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі шешіледі.

Осы ретте Қауіпсіз интернет лигасының басшысы Екатерина Мизулина Telegram-дағы Shot  жаңалықтар каналына берген сұхбатында жағдайға қатысты пікір білдірді.

"Шабутдинов – көп жыл бойы курстарды сатумен айналысқан ірі инфоалаяқ, ал ол көп жыл бойы салық төлеуден жалтарған", - деді ол.

Кейінірек Ресейдің ішкі істер министрлігі мұны растады. Ведомство "танымал блогер мен бизнес-тренердің" заңсыз әрекеттерінің жолын кескенін хабарлады.

Айта кетейік, Аяз Шабутдинов өзін миллиардер деп атайды. 2013 жылы ол хостел ашып, уақыт өте келе бүкіл хостелдер желісін іске қосты. Кейін ол кофехана ашты. Кейінгі жылдары блогер білім беру курстарын сатумен және инвестициялармен айналысады. Шабутдиновтың Instagram-да екі миллионға жуық оқырманы бар.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан