"Гематоген" құрамында өлексенің қаны бар екені рас па? ҚМДБ жауап берді

Мұсылмандар әдетте тұтынатын өнімінің адал не арам екеніне аса мән береді. Ал көпшілік ағзадағы темір жетіспеушілігін толтыруға көмектеседі деп тұтынатын гематоген халал ма? QMDB Halal стандарттау және сертификаттау мекемесі бұған қатысты ресми жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Гематогенді" 19 ғасырдың соңында Швейцарияда ойлап тапқан. Ол құрамында ірі қара мал мен жұмыртқа сарысы бар, қоспадан әзірленген, сұйық тағамдық қоспа еді. Кейін өндірушілер тұтынуға ыңғайлы болу үшін оның пішінін өзгертіп, қазіргідей қатты күйде шығарып бастаған.

"Халал Даму" өкілдерінің мәліметінше, қазір "гематоген" негізінен ірі қара малдың қанынан алынады, бірақ мұндай ақпарат қаптамада көрсетілмеген. Гематогеннің 5 пайызы қан (тағамдық альбумин), 30 пайызы қант қосылған қою сүт, сондай-ақ дәмін жақсарту үшін дәл осы мөлшерде крахмал, ванилин, аскорбин қышқылы, бал және қант қосылады. Яғни, іс жүзінде, "гематоген" - бұл көп бөлігі қанттан тұратын тағамдық десерт.

"Қазіргі таңда, "гематоген" бұл - негізінен ірі қара малдың қанынан алынады. Бірақ гематоген қаптамасынан "қан" деген сөзді ешқашан таппайсыз. Қаптамада "тағамдық альбумин" деген атпен қан ақуызы ғана жазылады. Оған қоса, "гематоген" құрамына жануар тектес майлар қосылады. Себебі, "гематоген" құрамындағы қоспалар майда ғана ериді", - делінген хабарламада. 

Сонымен қатар, мекеме "гематогенді" тұтынбаған абзал екенін ескертті. 

"Не себепті "гематогенді" тұтынбаған абзал:

Біріншіден, гематогеннің құрамы аз мөлшерде болса да, қаннан тұратындықтан тұтынуға болмайды. Себебі Құранда "Қан, өлексе және шошқа еті сендерге харам етілді" (Маида сүресі, 3 аят) деп анық көрсетілген;

Екіншіден, гематогеннің құрамындағы жануар майы. Ол қандай жануардың майы? Шариғатта рұқсат етілген жануар майы ма әлде доңыз майы ма, әлде өлексенің майы екені белгісіз", - деп жазған мекеме Желідегі ресми парақшасында.

Осы себеппен дін өкілдері кез келген фармацевтикалық өнімді тұтынбас бұрын дәрігерден кеңес алуды ұсынды.

"Сондықтан құрамында қан және өзге де күмәнді қоспалар болмаған өнімдерді тұтынуды ұсынамыз. Және де кез келген фармацевтикалық өнімді тұтынар алдын дәрігермен ақылдасып, қажетті анализдерді тапсыру керек", - делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін Желіде "Компотай" сусынына қатысты дау шыққан еді. Әлеуметтік желіде тараған видеода бұл сусын негізінен сыра екені айтылған. QMDB Halal стандарттау және сертификаттау мекемесі бұған қатысты ресми жауабы хабарланған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Күн көкжиекте батқанда неге бірден қараңғы түспейді?

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз