Ұн, май, күріш, ақша: Қазақстан кейінгі жылдары қай елдерге гуманитарлық көмек берді?

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Палестинаға 1 миллион доллар көмек беретінін мәлімдеді. Massaget.kz тілшісі кейінгі жылдары Қазақстан қай елдерге көмек бергеніне шолу жасады.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан басқа елдерге 3,8 миллион АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек жіберді, бұл былтырмен салыстырғанда 3 есе аз.

ranking.kz деректеріне сүйенсек, Қазақстан жіберген гуманитарлық көмектің ең көп көлемі - азық-түлік тауарлары. Одан кейінгі орында киім-кешек пен аяқ киім (168,1 мың АҚШ доллары), сондай-ақ, машина мен басқа да жабдықтар (88,3 мың АҚШ доллары) бар.

  • Палестинаға 1 миллион доллар

un.org

"Қазір айналамызда күрделі ахуал қалыптасып отыр. Солтүстікте Ресей мен Украина, Таяу Шығыста Израиль мен Палестина арасында қанды қақтығыс болып жатыр. Ауғанстанның жағдайы да тұрақсыз. Батыста заңсыз көші-қон мәселесі ушығып тұр. Бүгінде Газа секторындағы бейбіт тұрғындар, әсіресе, балалар және қарттар жанжал азабын шегіп жатыр. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету - басты міндет. Осы орайда, Қазақстаннан Палестина халқына 1 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылдадым. Ондаған жыл бойы шешімін таппаған өзекті мәселелерді зорлық-зомбылық көрсету және лаңкестік әдістер арқылы шешу мүлдем дұрыс емес. Қазақстан мұндай тәсілдерді қатаң айыптайды. Ахуал ушығып кетсе, оның салдары тіпті ауыр болуы мүмкін", - деп ескертті Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 10-саммитінде.

  • Ауғанстанға күріш, ұн, май 

7 қазанда Ауғанстанда жойқын жер сілкінісі болды. Сол кезде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырды. 10 қазанда Төтенше жағдайлар министрлігінің 45 қызметкері көмектесуге Алматыдан Ауғанстанға жіберілді.

Сонымен қатар, Президент тапсырмасымен "Хайратон" теміржол станциясы (Балх провинциясы, Ауғанстан) аумағына Ауғанстанның Герат провинциясындағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жіберілді.

Қазақстаннан Ауғанстанға жіберілген гуманитарлық жүктің жалпы салмағы 1662 тонна болды. 27 вагон жүктің ішінде күріш, ұн, өсімдік майы, сүт консервілері, көрпелер, жаймалар, жастықтар, жылы киімдер, шатырлар, жастық қаптары мен кереуеттер болды.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмектер мен шатырлар Ұлттық ұлан ұшағымен жіберілді.

ТЖМ

  • Тәжікстанға ақшалай көмек

2023 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстан берген гуманитарлық көмектің 1,7 миллион АҚШ доллары Тәжікстанға жіберілген.

Сонымен қатар, биыл Қазақстан Тәжікстанға гуманитарлық көмек ретінде 5000 тонна мазут жіберді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің маңызды энергетикалық нысандары тұрақты жұмыс істеуі үшін Тәжікстанға 860,8 миллион теңге сомасында гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берген еді.

  • Түркияға ақшалай, заттай көмек

ranking.kz деректеріне сүйенсек, Түркияға 338,6 мың АҚШ доллары жіберілген.

Сонымен қатар, жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Түркияға 55 тонна гуманитарлық көмек жіберді.

"Гуманитарлық көмекке киім-кешек, қысқы шатырлар, металл кереуеттер, төсек-орын жабдықтары және жалпы салмағы 55 тоннаға жуық басқа да қажет заттар кірді. Жүк Түркияның Газиантеп қаласына әуе көлігімен жөнелтіледі", - делінген еді сол кезде хабарламада.

  • Сирияға да ақшалай және заттай көмек

gov.kz

Қыста жер сілкінісі болған Сирияға да Қазақстан тарапынан көмек көрсетілді. Сыртқы істер министрлігі мәліметінше, мемлекеттік материалдық резервтен 50 тонна көлеміндегі гуманитарлық жүк құрамына консерві өнімдері, жылы киімдер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары кірді.

Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі Сирияның гуманитарлық көмегіне республикалық бюджеттен 160 миллион теңгеден аса қаржы бөлінетінін хабарлады.

  • Украинаға ақшалай көмек пен дәрі-дәрмек

ranking.kz мәліметінше, соғыс жалғасып жатқан Украинаға Қазақстан 101,7 мың АҚШ долларын жіберді.

Tengrinews

Былтыр да Қазақстан Украинаға көмек көрсетті. Бұл басқа мемлекет тарапынан жасалған ресми үндеуге жауап ретінде жіберілгені айтылған еді. Украина тарапынан осындай өтініш алғаннан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жедел гуманитарлық көмек көрсету туралы нақты тапсырма берді.

"Үкімет жанындағы Халықаралық гуманитарлық көмек көрсету мәселелері жөніндегі комиссия Украинаға жалпы құны 2 251 445 доллар тұратын медициналық препараттар партиясын бөлу туралы шешім қабылдады. Гуманитарлық көмектің салмағы 82 тонна болады", - делінген еді сол кезде мәліметте.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!