"Ұлымды "алқаш", әйелім екеумізді "два сапога пара" деп атады". Мұхамедиұлы сотта күтпеген мәлімдеме жасады

"Ұлымды "алқаш", әйелім екеумізді "два сапога пара" деп атады". Мұхамедиұлы сотта күтпеген мәлімдеме жасады
Фото: Тұрар Қазанғапов

Астанада өтіп жатқан сотта бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы куәгерлер отбасын қорлап жатқанын айтып, судьядан олардың бірін жауапқа тартуды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Елордада экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының үстінен тағы бір қылмыстық іс қаралып жатыр. Бұл жолы оған рейдерлік жасады деп айып тағылды. Қылмыстық іс қаладағы "Дипломат" қонақ үйіне қатысты қозғалды.

Бүгін қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Арыстанбек Мұхамедиұлы куәгерлердің бірін қылмыстық жауапқа тартуды сұрады. Себебі ол оның отбасын қорлайтын сөздер айтқан, бірақ нақты дәлел келтірмеген.

"Сот барысында сотты менсінбеудің куәгері болдық. Тек шындықты айтамын деп ант бергендер сотта жалған мәлімдеме жасады. Қылмыстық істің рейдерлік, лауазымды өкілетін теріс пайдалану бойынша қаралып жатқаны айтылып жатыр, ал жәбірленушілер мен куәгерлер ұялмай жалған сөйлеумен болды. Жеке басым мен отбасымды қорлайтын сөздер айтып жатыр. Жәбірленуші әйелім екеуміз туралы "два сапога пара", ұлымды "алқаш", әйелімнің анасын "кәрі, есі дұрыс емес" деп атады", - деді экс-министр.

Ол сөзіне нақты дәлелдер келтірді.

"З.К. атты куәгер "Дипломат" қонақүйін Серік Қарымсақов басқарғанын бірнеше рет айтты. Соған қарамастан мен Серік Қарымсақовтың қонақүйге кіруіне тыйым салыппын. Алайда ол мәлімдемесіне қатысты бір де бір дәлел келтірмеді. Тағы бір Д.М. атты куәгер қызметкерлерден осы жағдай туралы естігенін айтты. Ол 2020 жылғы қарашадан бастап Bali SPA орталығын Серік Қарымсақовтың басқарғанын айтты. Bali SPA-ның "Дипломат" қонақүйі құрылымында екені белгілі болды. Мұнда логика қайда? Менің Серік Қарымсақовтың қонақүйге кіруіне тыйым салғанымды айтады. Алайда (қонақүйдегі - еск.) ұйымдастыру-қаржылық мәселенің бәрін Қарымсақов шешкен. Сондықтан Д.М. атты куәгерді қылмыстық жауапқа тартуды сұраймын", - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта.

Сондай-ақ, бұрынғы экс-министр өзінен жауап алынуына қарсы емес екенін мәлімдеді.

Отырыста судья Әбинұр Қарабаев куәгерлердің жауабына кеңесу бөлмесінде баға берілетінін жеткізді.

"Сот олар жалған куәлік еткен деп таныса, қосымша қаулы шығарады. Содан кейін оларды жауапқа тарту туралы шешім қабылдайды", - деді судья.

Сонымен қатар, Арыстанбек Мұхамедиұлы куәгерлерге нақты дәлелге сүйеніп, жауап беруін сұрады.

Айта кетейік, бұрынғы министр Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі, 249-бабы 1-бөлігі (рейдерлік әрекетке оқталу), 28-бабы 3-бөлігі, 250-бабы 1-бөлігі бойынша айыпталып отыр. Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Еске салайық, бұған дейін Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта "аштық жариялаймын" деп сес көрсеткені хабарланды.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

Massaget.kz