"Ұлымның туған күнін тойлатып едік": ШҚО-да ауылдық округ әкімі 15 тәулікке қамалмақ

"Ұлымның туған күнін тойлатып едік": ШҚО-да ауылдық округ әкімі 15 тәулікке қамалмақ
Фото: Ашық дереккөзден

Өңірдегі әдеп кеңесінің отырысында Алтай ауданындағы шенеуніктердің жиі шектен шығатындығы талқыланды. Малеев ауылдық округінің әкімі мас күйінде көлік жүргізіп, жол-көлік оқиғасына тап болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті өкілдеріне алтайлық шенділер соңғы уақытта ішімдікке әуестеніп, төбелесте де төбе көрсетті деген ақпарат жеткен. Бұзақылыққа барғандардың тегі әлі анықталмағандықтан оларға тәртіптік іс қозғалмады. Кеңес төрағасы Нұрлан Еркебаев Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқаровадан "қол астыңыздағыларды қорғаштап отырған жоқсыз ба?" деп нақтылаған еді, ол "жоқ" деп сеніммен айтты.

Ал жиын барысында Малеев ауылдық округінің әкімі Владимир Молотковтың тәртібі қаралды. Қолда бар ақпарат оқылған кезде оның осы уақытқа дейін мас күйде көлік жүргізгені айтылды. Онымен қатар, жол-көлік оқиғасына тап болған. Десе де оқиға орнынан ізін суытпады, тәртіп сақшыларының келуін күтіпті. Куәландыру кезінде оның қанынан 2,4 промилле мөлшерінде алкоголь табылды. Сот оны жүргізуші куәлігінен айырып, енді ол жеті жылға көлік жүргізуден қағылды. Сондай-ақ, шенеунік уақытша ұстау изоляторына 15 тәулікке қамалады. Қазіргі уақытта ол жерде кезек тұр, орын қашан босайтыны белгісіз.

"Қызметтік көлікті қызметтік емес мақсатта, онымен қоса демалыс, мереке күндері пайдалану тақырыбы ерекше бақылауда тұр. Ал сол көлікпен мемлекеттік қызметшінің қоғамдық жерде мас күйде жүруі көпшілік арасында дау туғызары сөзсіз", – деді әдеп жөніндегі кеңес өкілдері.

Владимир Молотков өзі кінәсін мойындады. Оның айтуынша, өзін сергек сезінген соң ғана көлікке отырған. Ал оған дейін сырадан ұрттап, кейін душ қабылдаған соң айығып алған көрінеді. Жолда "болмашы" жол апатына түсіпті. Қызметтік көлік шығыны шамамен 500 мың теңгедей, ал қарсы тарап шағымданбаған.

"Шынымды айтайын, осы әрекетім өзіме қара дақ болып түсіп отыр. Мен жұмысымды жақсы көремін, құрметпен қараймын. Осыған дейін мемлекеттік қызметкер болуды мақсат еткен едім, оған жеттім. Әр жиында Этикалық кодексті сақтау жөнінде айтылады. Бұл ретте көпшіліктен, өзімнің басшылығымнан қатты ұяламын. Оқиға болардың алдында ұлымның туған күнін тойлатып, ащы судан ұрттап едім. Содан мызғып алып, көлікті басқа жаққа апармақ болдым. Сергекпін. Өзімнің жүргізушім жоқ. Оның алдында 70 мың теңге айлыққа көңілі толмай, жұмыстан шығып кеткені бар. Көлікке өзімнің отырғаным да сол. Кінәмді мойындаймын", – деді ауылдық округ әкімі.

Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, Владимир Молотковты округ тұрғындары сыйлап тұр, жұмысына көңілдері толады.

"Оны ақтап тұрған жоқпыз, әрине. Қалай болғанда да жаза қолданылуы тиіс. Жасы 30-да, жаза басқан сәті де осы. Болған жайттан кейін оған "енді әр қадамыңды бақылап жүремін" деп баса айттым", – деді Жанна Қабдолдақызы.

Кеңес аталған мәселені ұзақ талқылады. Жиынның түйіні сол, әкім алдымен 15 тәулікке қамалмақ. Одан бөлек, кеңес мүшелері аудан әкімінің міндетін атқарушыға Молотковты жұмысынан шығаруды ұсынды.

Асыл Бигелді 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы