Алматылық дәрігер қауіпті дерттердің алдын алу жолдары туралы айтып берді

Алматылық дәрігер қауіпті дерттердің алдын алу жолдары туралы айтып берді

Медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексерулерге, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар дерттерді анықтау шараларына қаражат бөледі. Мысалы, 2023 жылы Алматы қаласы бойынша ауруды ерте анықтауға арналған скринингтерге 5,4 млрд теңге қарастырылған.

Скринингтік зерттеулерден қалай өтуге болады және бұл тексерулердің маңызы қандай? №21 Қалалық аурухана директорының орынбасары Дина Тапалова осы жайында әңгімелеп берді.
Көптеген сырқаттардың жазылуы көп жағдайда дер кезінде анықталуына байланысты. Себебі ерте анықталған жағдайда жүргізілген ем-домның нәтижесі де жоғары болмақ. Бүгінде ауруды ерте анықтауға мүмкіндік артқаны қуантпай қоймайды.

"2023 жылы біздің емханада жүргізілген скринингтік тексерулер барысында тіркелген азаматтар арасында 230 адамның артериалды гипертониямен, 35 пациенттің жүректің ишемиялық ауруымен ауыратыны анықталды. Тағы 61 адамның қант диабетіне шалдыққаны белгілі болды. Сонымен қатар 4 адамның қатерлі ісікке шалдыққанын ерте анықтауға мүмкіндік туды", - дейді Дина Тапалова.

Сол себепті профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп тұру керек, дейді дәрігер.

Скрининг дегеніміз не және оның қажеті қанша?

Скрининг – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді.

Скрининг арқылы қандай сырқаттарды анықтауға болады?

  • Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторларын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтау – аталған диагноз негізінде динамикалық бақылауға алынбаған 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • Глаукомаға тексеру (көз іші қысымын) – 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • Жатыр мойны обырын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы әйелдер;
  • Сүт безі обырын ерте анықтау – 40-70 жас аралығындағы әйелдер;
  • Колоректальды обырды ерте анықтау – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
  • В және С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.

Сонымен қатар, профилактикалық тексерулерден 18 жасқа дейінгі балалар да өте алады. Оған баланың психофизикалық және жыныстық даму деңгейін бағалау, зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын анықтауға арналған тексерулер кіреді. Белгілі бір ақау табылған жағдайда салалық маманға жолдама беріледі.

Профилактикалық тексерден өтуге жолдаманы кім береді?

Скринингтен өту үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден (терапевт) жолдама алу қажет. Жас мөлшеріне қарай бекітілген скринингтерден бірден өтуге болады.

Профилактикалық тексерлер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.

Скринингтен өту жиілігі қандай?

Скринингтік зерттеулердің кей түрі бес жыл сайын, кейбірі – екі немесе төрт жыл сайын жасалады. Бұл мерзім әр аурудың даму қарқынына қарай белгіленген.

Скрининг нәтижесін қалай білуге болады?

Скринингтік зерттеуден өткен пациенттер денсаулығынан ақау табылған жағдайда салалық мамандардың консультациясына жіберіледі, қажет болғанда ем тағайындалады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә