Түркістан облысының тұрғынының үйінен 30 шетелдік табылды

Түркістан облысының тұрғыны өз үйінде отыз шетелдік азаматты жасырып ұстаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап. 

Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері Сарыағаш ауданы аумағында заңсыз көші-қон ұйымдастырумен айналысқан адамның қылмыстық әрекетін тоқтатты. Жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралар барысында полицейлер Өзбекстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік шекара арқылы заңсыз кіру және шығу үшін сыйақыға қызмет көрсеткенін анықтады. Тексеру кезінде күдіктінің жаздық үйінен елде болу мерзімін бұзып жүрген Өзбекстанның 30 азаматы анықталды. Оларға ұсталған ер адам Өзбекстанға кедергісіз шығуға кепілдік берген.

"Ол шекарада кедергісіз өту бойынша қызмет көрсеткені үшін 130 мың теңге ақша алған сәтте ұсталды. Күдіктіден 2,5 млн теңгеге жуық ақша, екі ұялы телефон мен шетелдік азаматтардың құжаттары тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 394-бабы "заңсыз көші - қонды ұйымдастыру" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті қамауда", - дейді облыстық ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Ғалымбек Тұрысбеков. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!