Ақтөбе тұрғыны дүкенде манекенге ескі күртесін іліп, құндыз жағалысын алып кеткен

Ақтөбеде құндыз жағалы сырт киімді ұрлаған күдікті ұсталды. Ол сауда үйінің алдындағы манекенге ескі күртешесін кигізіп, жаңасын білдіртпей алып кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

35 жастағы тұрғын қаланың ортасындағы сауда үйлерінің біріне күндіз барған. Дәлізде тұрған манекендерді бір шолып, құндыз күртешені шешіп алады да, оған өзінің ескі киімін кигізіп кеткен.

Сатушылар күртешенің ұрланғанын білмеген, бейнебақылау камерасын көріп отырғанда ғана байқаған. Осыдан кейін полицияға арызданып, 60 мың теңгенің сырт киімін ұрлап кеткен күдіктіні ұстаған.

Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

"Ер адам манекеннен күртені шешіп, орнына өзінің ескісін кигізіп кеткен. Ұрлық сыртқы бақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазба арқылы күдікті ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Ақтөбе аумағында осындай қылмыстарға оның қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!