Жұмыс беруші жұмыс орнында бейнебақылау орнатуға құқы бар ма?

Жұмысшылардың шексіз темекі шегу, жұмыс ақпаратын құпияда сақтау, интернет байланысы және басқа да қиындықтармен күресу үшін кейбір жұмыс берушілер кеңсеге бейнебақылау орнатып қойған. Бірақ бұл қаншалық заңды? Адвокат жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Негізінен заң бойынша қызметкерлерді жұмыс орнында электронды, пленкалы немесе өзге де материалдық тасығышта түсірілген видео дербес ақпарат болып саналады.

Ал ҚР Еңбек кодексінің 65 бабы "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" заңнамасына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің дербес деректерін жинауды, өңдеуді және қорғауды қамтамасыз етуге міндетті. 

Сондықтан жұмыс берушінің қызметкердің келісімі болмаған жағдайда кеңседе бейнебақылау орнатуға құқығы жоқ. 

Дегенмен адвокат Асел Бикенованың айтуынша, бейнебақылау орнату жұмыс мақсаты мен күнделікті тәртіп ережелерін сақтау үшін жүргізілсе, рұқсат етілген.

Жұмыста бейнебақылауды заңға сәйкес орнату үшін:

  • бейнебақылау жүргізудің нысанын, тәртібін, мақсатын көздейтін тиісті нормативтік актінің болуы;
  • құжатпен қызметкерлерді таныстыру;
  • қызметкерлердің бейнебақылауға жазбаша келісімі болуы керек;
  • қызметкерлердің олардың бейнелерін пайдалануға келісімінің болуы;
  • бейнебақылауға жауапты тұлғаларды тағайындау және олардан дербес деректерді жария етпеу туралы міндеттеме алу;
  • бейнетүсірілім орындарында ақпараттық тақтайшаларды орналастыру;
  • бейнебақылау ашық жүргізілуі тиіс, оны жасырын қолдануға болмайды;
  • бейнебақылау нысаны қызметкердің жеке өміріне құқығын қамтамасыз етуі керек.

Егер бейнетүсірілім барысында қызметкердің жеке құпия өміріне қатысты мәлімет анықталса, жұмыс беруші оны құпияда сақтауы тиіс. Бейнебақылау қызметкердің және оның лауазымдық міндеттерін орындауына байланысты белгілі бір заңды мақсат үшін ғана жүзеге асырылуы керек.

Бейнебақылауды орнату шарты еңбек шартында да, бейнетіркеуге келісім туралы жеке келісімде де көрсетілуі керек.

Егер қызметкер мұндай құжатқа қол қоймаса, онда жұмыс берушінің бейнебақылау орнатуға құқығы жоқ. 

Айта кетейік, жұмыс беруші заңсыз бейнебақылау орнататын болса, оған 5 000 АЕК (17 250 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл түрінде не сол мөлшерде түзеу жұмыстарымен не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеумен не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін адамның дербес деректеріне не жататыны хабарланған еді.

Тағы да оқи отырыңыздар: Қымыздың қанша түрі бар?

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!