"Жатырын жалға берген". Суррогат ана болып пәтер алған әйел жан сырын ақтарды

"Жатырын жалға берген". Суррогат ана болып пәтер алған әйел жан сырын ақтарды
Фото: elements.envato.com

Суррогат ана болған әйел "Қыздар-ай" бағдарламасында жан сырын ақтарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оның есімі - Мақпал. Мақпалдың сөзінше, ұлын босанғаннан кейін тұрмыстық мәселелерге байланысты суррогат ана болуға мәжбүр болған.

"Өзімнің екі ұлым бар. Үлкені 5 жаста, кішкентайы 9 айлық. Осыдан екі жыл бұрын дүниеге қыз алып келдім. Бірақ ол менің балам емес. Сол сұраған адамдардікі. Күйеуім жетім өскендіктен, көп қиналдық. Екеуміз махаббаттың буымен үйлендік. Ақша болмады. Бірінші сәбиім дүниеге келді. Соны асырау үшін (бардым - еск.), жарнамадан көріп қалдым. Инстаграмдағы жарнама арқылы бардым. Сөйтіп, кездестік. Үш жарым миллиондай алдым, қыз босандым. Айына төлейтін 150 мың теңге (болды - еск.), бізге пәтер жалдап алып берді", - дейді Мақпал.

Мақпал суррогат ана болып тапқан ақшаны кейін пәтер алуға жұмсағандарын жеткізді.

"Қарапайым тұрамыз. Үлкенім ол кезде қолымда еді, кішкентай. Сол түскен ақшадан депозитке салып, пәтер алдық. Ондай сезім (баланы бергісі келмей қалу - еск.) болды. Қасымда қолдау көрсеткен күйеуім "тағы қызды да боламыз, ұлды да боламыз" деді. Жақын арада екінші ұлымды босандым. Бәрі жақсы. Жүректің астында 9 ай көтергеннен кейін, әрине, бауыр басасың. Бірақ сенің қаның, сенің хромосомаң ол балаға берілмейтінін түсінесің. Дайын эмбрионды салады, былай айтқанда, менің жатырым (жатырымның міндеті - еск.) ол баланы 9 ай көтеріп шығу. Мен ешқандай жамандық жасап жатқан жоқпын, баламды өлтіріп жатқан жоқпын, біреуге сатып жатқан жоқпын, 9 ай өсірген баланы, біреудің баласын аман-сау қолына аманат етіп бердім. Ол Исламда да рұқсат етілген нәрсе", - дейді Мақпал.

Оның сөзінше, бұл жағдайға бір рет ғана барған.

"Өмірімде бір рет болған нәрсе. Күйеуім - мектепте қарапайым мұғалім. Тарих сабағынан береді. Оған да жақын арада кірді. Өзім үйдемін. Кейде кішкентай балалардың киімдерін тоқып, соны сатамын. Қарапайым отбасымыз. Суррогат ана болып алған ақшадан пәтер алдық. Оның ипотекасын әлі де төлеп жатырмыз. Барлық сома болмайды. Бірақ бізге көп көмегін тигізді, жақсы адамдар болды", - дейді ол.

Мақпал енді суррогат ана болмайтынын айтып, себебін де түсіндірді. 

"Өйткені баланы беру өте қиын. Бір-ақ рет көргенмін (баланы - еск.)", - дейді ол.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова