Салтанат Әзірбек: «Арманым – тұңғыш әйел-генерал атану»

Полиция полковнигі, Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі, әрі төрт баланың анасы Салтанат Әзірбек ARU LIFE жобасында қонақ болды. Ольга Спиринамен сұхбаты барысында ол жұмыс пен отбасы арасындағы тепе-теңдік, армандары туралы және қызметіне байланысты басынан өткен күрделі жағдайлар жайында айтып берді.

ARU LIFE жобасының серіктесі -  Аltel ұялы байланыс операторы.

Салтанат Әзірбек мамандығының ерекшелігіне байланысты қорқынышқа төтеп бере алады. Оның айтуынша, қорқынышқа қарсы тұру үшін кәсіпқойлық керек.

«Ішкі істер органдарына қызметке тұрған кезде бір күні жұмыс пен отбасым арасында таңдау жасауыма тура келетінін білдім. Ондай сәттерде, әрине, қорқыныш болады. Бірақ оған өзіңді билетпей, басып тастайсың. Дүрбелеңге салынбай, бір сәт те ойланбастан, елің мен халқың үшін өзіңді құрбан етуге де дайын боласың. Дәл сол қаңтарда бүкіл өмірім көз алдымнан өткен бірнеше жағдай болды. Ол кезде құндылықтарымды қайта қарайтындай мүмкіндік болды. «Үйде балаларым бар, емізулі сәбиім бар. Мен мұнда не істеп жүрмін?» дегендей. Бірақ мен әрқашан өзімнің дұрыс жол таңдағаныма және дұрыс іспен айналысып жатқаныма сенімдімін. Бұл менің туған кезімде маңдайыма жазылған миссиям шығар», - дейді Салтанат.

Полковниктің отбасы оның қызмет бабымен ұзақ уақыт үй көрмейтініне, жұмысына көп көңіл бөлетініне түсіністікпен қарайды. Өйткені Салтанат Әзірбек – шын мәнінде ерекше әйел.

«Отбасымдағы басты қолдаушым – күйеуім. Мен полицияға қызметке тұрған кездері екеуіміз кездесіп жүрдік. Ол менің қалыптасуымның куәгері болды, бұған оңай жолмен жетпегенімді, маңдай термен келгенін, моральдық жағынан да көп еңбек еткенімді жақсы біледі. Сондықтан ол жан-жақты қолдап отырады. Біз 10 жыл жолдасымның ата-анасымен бірге тұрдық. Үлкен балаларымды енем тәрбиеледі. Қабілеттерімді байқап, дамуға, ашылуға мүмкіндік беріп, дұрыс жол көрсеткен анама да алғысым шексіз», - деп сырын бөлісті Салтанат.

Қонағымызға жұмысы мен жанұясы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға отбасы мүшелері көмектеседі. Олар біраз жыл ішінде әйелі, анасы, қызы мен келінінің өзгеше мамандық иесі екеніне үйреніп қалған. 

«Жұмысқа қуана барып, үйіңе қуана қайта алу – керемет сезім. Менің өмірімде дәл осындай сезім бар. Мен жұмысқа жеткенше асығамын, өмірімде бірде-бір рет декреттік демалыста да болмадым. Басшылық маған перзентханада жатуға бір апта, үйде қалпыма келуіме бір апта уақыт береді. Кейін жұмысқа қайта шығамын – маған осылай ыңғайлы, тезірек қалпыма келемін», - дейді жоба қонағы.

Кейіпкеріміздің босаңсуына жол бермей, жинақы жүруіне көмектесетін де – жұмысы. Өйткені ол үлкен полиция гарнизоны атынан көпшіліктің алдына шығады, кейде қорғауына да тура келеді. Қол астындағы қызметкерлерінің алдындағы жауапкершілігі тағы бар. Сондықтан Салтанат Әзірбектің қарапайым жұмыс күнін басқаларға елестету қиын.

«Мен сағат 5:30-да тұрып, балаларымды мектепке дайындаймын, өзім де жиналамын. Жексенбіден басқа күндері, күн сайын сағат 7:00-де  жұмысқа жетіп аламын. Регламентім бойынша департамент басшысына кіріп, ақпараттық ахуал бойынша есеп беремін. Кеше болған оқиғаларды талқылап, бүгінгі күн тәртібін бекітеміз. Жұмыс уақытым 19:00-де аяқталады, бірақ кей кездері жұмыстан 20:00-де шығамын. Үйге жүгіріп барып, кешкі ас әзірлеп, күйеуім екеуіміз дастарқан басында ертеңгі күнге жоспар құрамыз. Меніңше, жоспар құрудың маңызы зор, жоспарлардың бәрін жазып отыру керек – жұмыс та, өмір де жеңілдей түседі», - дейді Салтанат.

Қолы бос уақытта полковник кітап оқығанды ұнатады. Бірақ ұнайтын ісіне көбіне уақыт жетпейді. Салтанат, сондай-ақ, кәсіби түрде ән салады, фортепьянода ойнайды және шебер биші. Сондықтан ARU LIFE қонағының сүйікті демалысы – караокеге бару. Бұрындары спортпен жүйелі түрде шұғылданған, ал қазір салмағын кешенді шаралар арқылы қадағалап отырады.

«Өмірімдегі алғашқы диета болды. Маманның кеңесі бойынша, дұрыс тамақтандым. 1 жыл, 8 ай тіпті шай да ішкен жоқпын. Өйткені шаймен бірге тәтті жегің келіп тұрады. Зат алмасу бұзылған болды, ағзамды өзім сондай жағдайға жеткізгенмін», - дейді Әзірбек.

Бұл диетаның көмегімен спортты қоса отырып, Салтанат бір жылда 30 келіге арықтады. «Алматы марафон» жүгірістерінің бәріне қатысып, 10 километрді 26 минутта жүгіріп келетін болған. Қазір, кейіпкеріміздің айтуынша, ол дұрыс тамақтану жөнінде тұтас бір диссертация жазып шыға алады.  

Ал қонағымыздың басты арманы – еліміздің және әр отбасының тұрақтылығы мен береке-бірлігі.

«Жақындарым, анам, әкем ауырмаса екен деп армандаймын. Өзімнің амандығымды соңынан сұраймын, алдымен отбасымды ойлаймын. Қызметіме қатысты армандарым да бар. Генерал болуды армандамайтын сарбаз – нашар сарбаз. Біреуге астамшылық болып көрінер, бірақ мен Қазақстандағы тұңғыш әйел-генерал болуды армандаймын», - деп сөзін түйіндеді Салтанат Әзірбек.

ARU LIFE жобасының серіктесі - Аltel ұялы байланыс операторы. Аltel Қазақстанда 4G-ден ондаған есе жылдам 5G технологиясын белсенді дамытуда.