Қайтыс болған ағасының әйелін әмеңгерлікке алу харам ба?

Дінтанушы Абдусамат Қасым әмеңгерлікке қатысты діннің көзқарасы және жеңгесін әмеңгерлікке алуға қатысты сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі islam.kz сайтына сілтеме жасап. 

"Дінде әмеңгерліктің негізі бар ма? Кеңірек жауап берсеңіз?"

"Қайтыс болған туған ағасының әйелін яғни, жеңгесін (жеңгесі өзінің әйелінің жақын туысы екен) әмеңгерлікке алу харам дейді. Осының дұрыс-бұрысын жауап берсеңіз", - деген сұрақтар қойылған. 

"Әмеңгерлікке дін не дейді? Жеңгесін әмеңгерлікке алуы харам ба?"

Дін Ислам бойынша, әлдекімнің ағасы не інісі қайтыс болған жағдайда оның артта қалған жесірін бауырларының бірі некесіне алуына рұқсат. Мұны қазақта "әмеңгерлік" дейді. Бастысы әйел кісі ең аз 4 ай, 10 күн иддәт мерзімін күткен болуы керек және әмеңгерлік некесі өзара ризашылықпен жүзеге асуы тиіс. Әдеттегідей неке қиылады. 

Сонымен қатар, егер әменгерлікке алар мұсылман оны екінші әйел ретінде алар болса, өзінің некесіндегі әйелінің жақын туысы болмаған болуы шарт. Мұсылманшылық неке шартында ешкім әйелінің үстіне оның (әйелінің) туған не нағашы яки немере әпке-сіңлісін некесіне ала алмайды, яғни апалы-сіңлілі екі әйелді бір некеде ұстауға рұқсат жоқ. Құранда: "Екі қыз туысты бір некеде ұстауларың харам қылынды", - делінген.

Осы тұрғыда айта кету керек, Ислам шариғатында әлдекім өз ұлының және немересі мен шөбере-шөпшегінің жесірін, не ажырасқанын, яғни келінін әйелдікке ешқашан ала алмайды. Құран Кәрімде былай делінген: "Бел балаларыңның әйелдері сендерге (некелесуге) харам қылынды..."

Сондай-ақ, әлдекім өзінің әкесінің немесе атасының (өз атасының, нағашы атасының) жесірін немесе талақ берген әйелін, (яғни өгей ана, өгей апа) некелей алмайды. Бұған қатысты Құран Кәрімде былай деп бұйрады: "Әкелерің некелеген әйелдерді өз некелеріңе алмаңдар. Өткен өтті. Бұл бір арсыздық және жиренішті жаман жол еді". 

Еске салайық, бұған дейін әмеңгерлікпен қайын ағасына тұрмысқа шыққан түркістандық әйел оқиғасын айтқан болатын. Massaget.kz тілшісі Сандуғаш Садықпен сұхбаттасып, неге мұндай шешім қабылдағанын, әмеңгерлікке деген көзқарасы қандай екенін сұрады.

Сандуғаш Садықтың сөзінше, өзі 1994 жылы, ал жұбайы Жеңіс Сейдеханов 1986 жыл дүниеге келген. Түркістан облысының тумасы бірінші некесі туралы да айтты. Сандуғаштың айтуынша, бұл кезде 22 жаста болған. Қолында 1 қыз, 1 ұлы қалған. Ол әмеңгерлікке қазіргі жолдасы себеп болғанын жеткізді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз