Павлодарда екі әйелді көлік қағып, аялдамаға ұшырып жіберді

 Павлодарда екі әйелді көлік қағып, аялдамаға ұшырып жіберді
Фото: Tengrinews.kz

Павлодарда екі әйелді көлік қағып, аялдамаға ұшырып жіберді, зардап шеккендер қазір ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Қаладағы "Сапсан" қонақ үйінің жанында жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 40 және 47 жастағы әйел адамды көлік қағып кетіп, салдарынан екеуін де ауруханаға жеткізді. 

"Павлодар полиция басқармасы Солтүстік полиция бөлімінде аталған жол-көлік оқиғасы тіркеліп, тергеу ашылды. Аталған учаскеде 2022-2023 жылдары тоғыз ЖКО тіркелді, оның ішінде екі адам қаза тауып, жетеуі  жарақат алған", - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

№1 қалалық аурухананың баспасөз қызметінің мәліметінше, 40 жастағы әйелдің жағдайы тұрақты, неврологиялық бұзылыстар анықталмады. Ал екінші зардап шеккен әйелдің аяғына ота жасады. Оған мидың зақымдануы, иықтың, аяқтың сынуы, бас миының жарақаты сияқты диагноздар қойылды. 

Зардап шеккен 40 жастағы Жадыра Ташенованың сөзінше, жүргізушілер осы жол бөлігінде жылдамдықты асырып, тез жүріп өтеді.

"Бірінші көлік бізді өткізді, алайда екіншісі көрмей қалып, басқа әйелмен бірге қағып кетті. Мені аялдамаға дейін ұшырып жіберді. Ол жерде ешқандай бағдаршам жоқ. ТҮКШ бөліміне де бардым, әкімге де жүгіндім осы сұрақпен. Бағдаршамды орнатуға қаражат жоқ деп жауап қайтарған еді", - деді ол.

Облыстық полиция департаменті Баян батыр көшесі, 105 мекенжайы бойынша бағдаршамды келесі жылға орнату жоспарда бар деп мәлім етті. Әзірге ол жерде жол ережесін бұзған жүргізішілерді  "Кибер шериф" жобасы арқылы анықтап жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан