Ұлттық қордан ақша алынбасын - депутат Нұртай Сабильянов

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов премьер-министр Әлихан Смайыловқа Ұлттық қордан ақша алынбауы керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отырыста Нұртай Сабильянов Үкімет басшысына сұрақ қойды. Оның айутынша, Ұлттық қор болашақ ұрпаққа қызмет етеді.

"Президент ондағы қаражатты 2030 жылға қарай 100 миллиард долларға жеткізу міндетін қойып отыр. Алайда 2021 жылдың басында Ұлттық қордағы қаражат 67 миллиард доллар болса, қазір ол бар-жоғы 60 миллиард доллар болды. Қордың қаражаты азайған. Енді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысынан балаларға қаражат аударыла бастайды. Бұған қатысты Парламент тиісті заңды қабылдады. Сондықтан Ұлттық қорға деген халықтың назары ерекше болады. Өйткені әр ата-ана өз баласына Ұлттық қордан қанша ақша түсті деп күтіп отырады. Менің ойымша, сондықтан Ұлттық қордан қаражат алуды тоқтатуымыз керек Республикалық бюджет тапшылығы экономиканы дамыту арқылы жабылуға тиіс. Сондықтан мәселені түпкілікті шешу үшін қандай шешімдер қабылданады?" - деді депутат.

Әлихан Смайылов Ұлттық қордағы қаражат экономикалық жобаларға тартылатытын, оның нәтижесі болатынын жеткізді.

"2024 жылы Ұлттық қордан тартылатын нысаналы трансферттердің көлемі 1,6 триллион теңге болады. Олар әлеуметтің маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдағы жобаларды қаржыландыруға бағытталған. Сондай-ақ, Ұлттық қордан тартылатын қаражат нысаналы трансферттер жылдан жылға төмендейді. Республикалық бюджеттің өз кірістері көбейтіледі. Біз тиісті инвестицияны тартып, нақты секторды қаржыландыру мәселесін мемлекеттік қолдау шаралары, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру есебінен шешеміз", - деді Үкімет басшысы.

Қазір Үкімет 32 триллион теңге болатын 970 инвестициялық ірі жобаны іске асырып жатыр. Бұл - құны 500 миллион теңгеден асатын шикізаттық емес сектордағы жобалар.

"Соның 400-і жалпы 406 триллион теңгеге келесі жылы іске асады. Барлық жобаны іске асыру үшін біз инфрақұрылымды жаңғыртуымыз керек. Сол үшін біз тарифті инвестицияға айырбастау бағдарламасын іске асырамыз. Тарифтердің есебінен газбен, электр қуатымен, сумен, жылумен жабдықтау желілеріне және көздеріне 3 триллион теңгеден аса қаржы тартылады. Бұл инфрақұрылымды жаңғырту басқа нақты сектордағы салаларға тікелей оң әсерін береді. Жалпы келесі жылы экономикалық өсу қарқыны жоғарылайды. Биыл (экономикалық өсім) 4,7 пайыз болса, келесі жылы 5,3 пайыз, 2026 жылы 6 пайызға дейін өседі деген болжам бар. Ол үшін республикалық бюджеттің өз кірістерін көбейту бойынша экономиканы ұлғайтуымыз керек. Кедендік және салықтық әкімшілендіруді жақсартуымыз керек. Жалпы көлеңкелі экономиканы азайтуға ерекше екпін қойылып отыр", - деп сөзін түйіндеді Әлихан Смайылов.

Аяз Есен 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз