"Екі аяқпен келдім, екі аяқпен өлгім келеді" дедім". Аяғынан айырылған ерлі-зайыпты тағдырлары туралы айтты

Ерлік Боканов пен Алтынай Құрманова - ерекше жандар, екеуі де аяғынан айырылған. Алайда олар тағдырдың мұндай теперішіне сынбаған. Бұл туралы олар Әйгерім Сейфоллаға берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ерлік Боканов - екінші топтағы мүгедек, спортшы, бірнеше халықаралық жарыста жүлде алған. Ол 6-сыныпта оқып жүрген кезінде өміріндегі қиын жағдайға ұшыраған.

"Мектеп кезінде дос баламның мамасына көмектесуге барғанбыз. Алты баламыз. Қыстың соңғы айы. Боранда адасып жете алмадық, артқа бір бала қайтып кетті, оның артынан біз қайттық, екеуі жетеміз деп кетті. Олар өздерінің емес, басқа қыстаққа жетіп, сол жерде қонды. Біз артқа қайтып, жол таба алмай, далада қонып қалдық. Таңертең тұрсақ, аяғымыз сезбейді, үсіп қалған. Сол аяқпен қалаға бардық. Одан кейін мектепке келдік. Мектеп - интернат, сол жерде қонамыз, сабақ оқимыз. Тәрбиешілер келіп қарады. Скорый шақырды. Скорый бірінші көмекті қате істеген", - дейді сол кезді есіне алған спортшы.

Ерліктің сөзінше, медицина мамандары сол кезде үсіктің орнына күйікке арналған жақпаларды қолданып, шатасқан.

"Одан кейін кесті (аяғын - еск.). (Оқиға - еск.) Балқаш қаласында болды. Қоңырат кентінен әрі қарай өтіп кеттік. Балқаштан Қоңыратқа автобус бар. Қоңырат кентінен арғы жағына қарай жоқ, қыстақ. Арасы 65 шақырымдай бар", - дейді ол.

Ерліктің сөзінше, осы жағдайдан кейін үш бала аяғынан айырылған. 

Ал Ерліктің жұбайының есімі - Алтынай Құрманова. Олардың танысқан хикаялары да қызық. Оның үстіне Алтынай да бір оқиғалардан соң аяғынан айырылыпты.

"Петропавлдағы протез орталығына протезге келдім. Сөйтсем, Алтынай үстелде бірдеңе жазып отыр. Қарасам, көз қырымен қарап отыр. Протез центрінде жас балалар бар, солар қырындап жүр. Мен көзбен қарап қоямын. Одан кейін "обедтен кейін танысамын" деген ой болды, тосып жатқанмын. Бұл уже кетіп қалыпты ұшақпен. Сол жақта орыс кемпірлер бар. Солар мені шақырып алып, "анау қыз ұнады ма, нөмірін береміз, танысасың ба?" деді. "Иә, иә" дедім. Сөйтіп, нөмірін алып, түнде звондадым. Сөйтіп, танысып кеттік", - дейді спортшы.

Алтынай Құрманова да жұбайы Ерлікпен қалай танысқанын әңгімеледі.

"Өзі - 4 қабатты протез орталығы. Соның 2-қабатында жатамыз. Сөйтіп, журнал толтырып отырғанмын. Ерлік келді. Жас бала екен деп ойладым. Екеуміздің арамызда кішкентай ғана диалог болды. Жасым келіп тұр, тұрмыс құру деген нәрсе құлағымызда бар. Сөйтіп, ойымда қалды. Менімен жасты. "Қай жылғысың, аяғың протез бе" деп сұрап алдым. Тағдырлас болсақ жақсы болар еді деп ойладым. "Аяғым ауырады" деген кезде бір-біріміздің ауруымызды сезе алатындай болсақ деп. Сөйтіп, білдім. Ертесіне кету керек болды. Танысуға келетін шығар деп күтіп қоямын, келмейді. Орыс әжелер сәл жылдамырақ қой. Бір орыс әжеге "осы жігіт сұраса, нөмірімді беріңіз" деп сыртынан көрсетіп қойдым. Нөмірімді жазып кеттім", - дейді спортшының жары Алтынай Құрманова. 

Осылайша, ауруханадағы орыс әже нөмірді беріп, олар танысып кеткен. Алтынай да аяғынан қалай айырылғанын әңгімелеп берді. 

"2014 жылы алып қашудың құрбаны болдым. 2014 жылы құрбыммен отырысқа шыққанбыз. Сол отырыстан қайтқан жолда туған күн иесінің досына ұнап қалғанмын. Машинада отырып үйге алып келе жатқан жолда жолдың ортасына тоқтады. Ол алдында отырған. Сөйтіп, "сені алып қашып кетіп бара жатырмыз" дейді. 23 жасым. "Жоқ, магазинде тұрған зат емеспін ұнаса ала салатын, болмайды" деп машинадан түсіп, құрбымның жігітіне "үйге апарып таста" деп айтамын деп ойлағанмын. Машинадан түскенім сол еді, бір топ баланы көріп, "мені алып кетеді, сол жақта қалып қоюым мүмкін" деген қорқыныш болды. Алға қарай қаша бергенмін. Қараңғы болғаннан кейін көп ағаштың ішіне кіріп тығылып қаламын дегенмін ғой. Жолдың арғы бетіне өтіп бара жатқанда, машина қағып кетті. Бір аяқтан (айырылдым - еск.). Дәрігерлердің қателігі. Маған үйленемін деген жігіт артымнан қуып келе жатқаннан кейін дәм-тұзы сол уақытқа келіп тұрған ғой, ол кісі сол жерде қайтыс болды. Менен кейін ол кісіні қаққан екен. Тіл тартпай сол жерде қайтыс болған", - дейді ол.

Алтынайдың сөзінше, бұл оқиға Шымкент қаласында 2014 жылы 18 желтоқсанда болыпты. Кейін ол Шымкенттегі ауруханадан Алматыдағы аурухана ауыстырылыпты. Ал бұл жерде оның аяғы жарамсыз екені айтылған.

"Кесу керек, болды" деді. Басында "жоқ, кеспеймін, екі аяқпен келдім, екі аяқпен өлгім келеді" деген нәрсе болды. Сөйтіп, інім келді көндіруге. Сосын аяғымды кесуге келісім бердім. 26 желтоқсанда аяғымды кесті. Аяғым жоқтығына 9 жыл болады екен. ... Менде дәрігерлердің түсінігі бойынша жоқ аяқтар ауырады, миымда сақталып қалған. Қалай кесіліп жатқанын - бәрін көргеннен деп ойлаймын. Жаңбыр жауса, күн суытса, әлі күнге дейін аяғым ауырады", - дейді Алтынай.

Алтынайдың сөзінше, сол кезде протез салғаннан кейін үйренуге көп уақыт керек болыпты.

"Ол кезде әнші Тамара Асарды көреміз ғой теледидардан, Тамара Асар және менде ғана аяқ жоқ деп ойлағанмын. Сөйтсем, мен сияқты жандар өте көп екен. 1 жыл дұрыс жүріп үйрендім. Ол кезде мектепте мұғалім едім, мектепке барсам, аяушылық сезіммен қараған сияқты болды. Соны көтере алмадым. Содан жұмыстан шығамын деп шықтым", - дейді Алтынай. 

Ал кейін Алтынай Астанаға арман қуып кетіпті. Қазір Астанадағы мектептердің бірінің мұғалімі.

2020 жылы Алтынай мен Ерлік шаңырақ көтерген. Қазір олардың бір ұлы бар. Өздері көлік сатып алған, жақында үйлерінің кілтін алады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз