"Марапат туралы ештеңе білмеймін". Су таситын көлік жүргізушісі жолда өртеніп жатқан көлікті қалай сөндіргенін айтты

Алматыда су таситын көлік жүргізушісі жолда жарыла жаздаған көліктегі өртті сөндіріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері алматылық тұрғынды марапатқа ұсыну құжаттарын әзірлеп жатқанын айтты. Massaget.kz тілшісі ерлік көрсеткен 29 жастағы Мағжан Қалихановпен сұхбаттасты. 

Оқиға 31 қазанда сағат 13:07-де Алатау ауданы Өтемісұлы көшесі қиылысының, Бак автожол бойында болған. Төтенше жағдайлар департаментіне автокөліктің өртеніп жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Дәл осы кезде 29 жастағы Мағжан Қалиханов жол бойынан өтіп бара жатып, көмек қолын созуды ұйғарған. 

"Осы салада су таситын көлік жүргізушісі болып қызмет етемін. Көлік өртеніп жатқанын көрдім де тоқтадым. Оқиға орнында тағы екі адам болды, олар маған су оқпанын алуға көмектесті. Өмірімде мұндай тәжірибе бұрын болмаған. Құтқарушылар келгенге дейін көліктен шыққан өртті сөндіріп үлгердік. Олар келіп өртті толық сөндірді. Марапат туралы ештеңе білмеймін, бірақ жазып қойған ғой. Бүгін 1-2 адам қоңырау шалды, бірақ марапат туралы естімедім", - дейді Мағжан Қалиханов.

Алматы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері Мағжан Қалихановты марапатқа ұсыну құжаттарын әзірлеп жатқанын растады. Енді арнайы комиссия шешім шығаруы керек. 

Мағжан Қалихановтың жеке архивінен 

Құтқарушылар оқиға орнына 10 минуттан кейін келген. Өртсөндірушілері 1,5 шаршы метр алаңды  қамтыған Daewoo nexia автокөліктің мотор мен салоны өртенгенін байқаған. Оған қоса, бак бензинге толған және көліктің жүк салғышында ГБҚ орнатылған. Жалын 10 минуттан кейін толық сөндірілген. Құтқарушылар мәліметінше, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. 

Өртенген көлікті басқарған жүргізушінің айтуынша, жол жүріп келе жатқанда капот астынан түтінді байқаған. Ол көлік қақпасын ашқан бойда өрт шыққан. Қатты алаңдағаннан тиісті органдарға хабарласып үлгермеген. Оның айтуынша, бензобак жанармайға және ГБҚ-ға толы болған, өрт  бүкіл көлікті шарпығанда қайғылы жағдай болуы мүмкін еді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!