"Көпірден суға секіріп, әжені жағаға шығардым". Ағалы-інілі оқушылар таңғаларлық ерлік жасады

"Көпірден суға секіріп, әжені жағаға шығардым". Ағалы-інілі оқушылар таңғаларлық ерлік жасады
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысында ағайынды Әлен мен Құрмет Мейірбек суға батып бара жатқан зейнеткерді құтқарып қалған. Оқиға Машат өзенінде болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқушылардың сөзінше, оқиға күтпеген жерден болған.

"Ағам өзен маңында телефонмен сөйлесіп отырып, батып бара жатқан әжені көрді. Ол басында назар аудармады, біреу суға батып бара жатыр деп ойламады. Содан кейін адам екенін байқады. Ол бізді көмекке шақырды. Мен бірден Машат өзеніне қарай жүгірдім, көпірден суға секірдім де, әжені жағаға шығардым", - дейді Әлен Мейірбек.

Әленге көмекке ағасы Құрмет келген. Олар екеулеп зейнеткерді жағаға шығарыпты. Балалар жедел жәрдемді күтіп тұрғанда, зардап шеккен адамға алғашқы көмек көрсетіп үлгерген.

78 жастағы зейнеткер бұрынғы педагог Орынкүл Жаңабаева болып шықты. Оны аңдаусызда ағын алып кеткен. Жағадан 600 метр қашықтап кеткен. Батыл оқушы мен дәрігерлердің күш-жігерінің арқасында бәрі артта қалды.

"14 қазанда түске таман ауруханаға жедел медициналық көмекпен ауыр жағдайдағы науқас жеткізілді. Оған ем тағайындалды, қазір жағдайы жақсы", - дейді Түлкібас ауданы орталық ауруханасының травматологиялық бөлімшесінің меңгерушісі Қалибек Абылайұлы.

Ал жас құтқарушылар өздерін батырмыз деп санамайды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова