"Қазақтың ар-намысына" тигендерді жауапқа тартатын мемлекеттік органды анықтау керек - Абзал Құспан

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан мемлекеттік тілге қатысты заң бұзғандарды жауапқа тарту мүмкін болмай отырғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжілісте "Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.

Абзал Құспан бұл заң қабылданғалы бері, шешілмей келе жатқан бір мәселе барын жеткізді.

"Әкімшілік кодексте 75-бап бар. Онда тіл заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік көзделген. Қазір қоғамда қазақ тілінің мәселесі күйіп тұр. 75-бап бойынша айыппұлдар көрсетілген... Алайда бұл бапта әкімшілік хаттама толтыратын бірде-бір мекеме белгіленбеген. Салдарын (адамдар -еск.) тіл бойынша заңды бұзады, қазақ ұлтының ар-намысына тиетін сөздерді айтады. "Қазақ тілінде сөйлемеймін" деген сияқты тілге қатысты жағдайлар бойынша адамдарды жауапқа тартайық десек, бірде-бір өкілетті орган жоқ", - деді депутат.

Ол бұл мәселені заң аясында реттеу керегін атап өтті.

"Біз 75-бапты жұмыс істемейтін бап ретінде (заңнан - еск.) алып тастауымыз қажет. Тілге қатысты заң бұзғандарға бір өкілетті органды айқындау керек. Бүгін ұсыныс енгізейін десек, тілге қатысты орган жоқ. Тілдерді дамыту комитеті біресе ана министрлікке, біресе мына министрлікке көшеді. Қазір Ғылым және жоғарғы білім министрлігіне қарайды. Халықты алдамай осы мәселені бір жағына шығаруымыз керек", - деді Абзал Құспан.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәселені қарауға алатынын жеткізді.

"75-бап бойынша уәкілетті орган көрсетілмесе, біз оны жұмыс тобымен қарап, пысықтауға дайынбыз. Өйткені соттың 804-бабы бойынша қызмет пен құрам бар болса, хаттамасыз ол нормаларды жүзеге асыру мүмкін емес. Кодексте осындай жетіспеушілік болса, біз жұмыс істеуге дайынбыз. Уәкілетті органмен қосымша жұмыс жүргіземіз", - деді ол.

Аяз Есен 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!