"Бір қалта ақша әкеліп тұр". Лұқпан Жолдасов жас әншілердің ақша ұсынғанын айтты

Бірнеше хит әннің авторы, сазгер Лұқпан Жолдасовтың өнерде жүргеніне 40 жыл толды. Талай жас өнерпаздың жолын ашып, үлкен сахнада өнер көрсетуіне ықпал еткен композитор өткенге көз жүгіртіп, естеліктерін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Лұқпан Жолдасов "Дастархан" бағдарламасына берген сұхбатта әңгімеледі.

"Өнердегі қыз-жігіттің қазақ эстрадасына қосылуына мұрындық болғаным рас. Олар әлі күнге дейін менің атымды айтып жүреді. Ғаділбекті көріп отырып, қызық оқиға есіме түсіп отыр. Алғаш сахнаға шыққан кезі, халық жылы қабылдап, тойларға шығып жүрген еді. Бір күні бір қалта ақша әкеліп тұр. Ішінде 30 мың теңге бар. "Алғашқы табысымды сізге берейін" дейді. "Өзің ала бер, ертең-ақ таусылып қалады" дедім. Айтқанымдай, ештеңеге жетпей қалды. Екі кесе шай ғана іштік",- дейді сазгер. 

Әнші Ғаділбек Жаңайдың айтуынша, тапқан алғашқы нәпақасы ертеңіне таусылып қалыпты. 

"Өнер жолындағы алғашқы табысымды Лұқаңа әкеліп бергенім есімде. "Ертең-ақ таусылып қалады" дегені рас болып шықты. Ол кезде мен үшін 30 мың теңге көп еді. Әлемді аралауға жетеді деп ойлап жүрген кезім. Сол күні Лұқпан аға екеуіміз шай ішіп отырып, жаңа ән жаздық. Асқар Дүйсенбіге түнгі үште хабарласып, әуенге сөз жазып беруін өтіндік. Лұқпан аға ойша клипін де түсіріп қойған", – деді әнші. 

Сонымен қатар, өнер жұлдыздары сазгердің мәрттігін де айтты. 

"2000 жылдары Қызылорда өңірінде жүрсек, көшеде бір апа қол жайып, ақша сұрап отыр екен. Лұқаң сол кезде әмиянынан 5000 теңгені шығарып, апаға ұстатты. Ол кезде өте көп ақша болатын. Мейрамханаларға кірсе, даяшыларға артығымен тастап кететін. Бұл кісінің сүйікті жұмысы - бильярд ойнау. Өнердегі жігіттерді жинап, соңында өзі есеп айырысатын. Біреуімізге де төлетпейтін", - дейді Тоқтар Серік. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!