"10 кеншінің денесін шығардым". Костенко шахтасындағы құтқару жұмыстарына қатысқан құтқарушымен сұхбат

Фото: Видео кадры

Желіде құтқарушының видеосы пайда болды. Ол Қарағандыдағы шахтада болған жарылыстан кейін апат орнында жағдай қандай екенін, қанша кеншінің денесін жер астынан шығарғанын айтқан. Massaget.kz тілшісі жарылыс болған күні жер астына түсіп, кеншілерді құтқару жұмыстарына қатысқан құтқарушымен сұхбаттасты. 

Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің өкілі өз есімін атамауды жөн көрді. TikTok-та тараған видеода құтқарушы жер астынан 33 кеншінің денесі шығарылғанын айтқан. 

@kaiyrkulovv ? #шахтакостенко #караганда #arselormittaltemirtay ♬ оригинальный звук - Madi Ahmetkozha

Құтқарушы Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында жарылыс туралы ақпарат сағат таңғы 4-терге таман жіберілгенін атады. 

"Іздестіру жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүріп жатыр, біз ауысым бойынша жұмыс істейміз. Бір ауысым кемінде 6 сағат, алайда жұмыс жақсы жүріп жатса, әрі қарай жалғастыра береміз. Өрттің болған-болмағанын өз көзіммен көрмедім. Адамдардың бөлшектенген денесін көрген жоқпын, бірақ өрт салдарынан ұрған толқынның күші соған жеткізеді", - деді маман.

Құтқарушы жарылыс болған шахтадан 10 кеншінің денесін шығарған. Оның айтуынша, сол кезде оқиға орнында жұмыс істеу қауіпсіз болған, алайда жағдай кез келген сәтте өзгеруі мүмкін еді. 

"Жағдай кез келген сәтте өзгеріп кетуі мүмкін еді. Бірақ сол кезде, біз шахтаға түсіп жүргенде, жағдай қалыпты болды, дем алуға болады", - деді құтқарушы. 

Құтқарушының айтуынша, ол мұндай жағдайға психологиялық тұрғыда дайын болған. 

"Психологиялық тұрғыда дайын болдым. Бізді алдын-ала дайындайды ғой. Адам құтқару - менің міндетім. Мұндай жұмысқа әрдайым дайын болуымыз керек", - деді ол. 

Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал екі күн бұрын қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Бүгін Сырым Шәріпханов соңғы кеншінің денесі табылғанын айтты. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Бөлек