88 жыл бұрын түсірілген: Сәкен Сейфуллиннің бұрын жарияланбаған видеосы табылды

88 жыл бұрын түсірілген: Сәкен Сейфуллиннің бұрын жарияланбаған видеосы табылды
Фото: Видео кадры

Алаш ардақтысы Сәкен Сейфуллин бейнеленген видео табылды. Бұл мұрағат Ресей мемлекеттік кино, фотоқұжаттар мұрағатынан алынған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Qazaqstan телеарнасына сілтеме жасап. 

Мемлекет қайраткері бейнеленген бұл кадрлар 1935 жылы Қазақ автономиясының құрылғанына 15 жыл толуына орай түсірілген. Бұл видеоны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білім институтының ғылыми қызметкері Ермұхамет Маралбек тапқан.

Ғылыми қызметкер Мәскеу мұрағатынан тағы қандай құнды деректерді кездестіргенін айтып берді.

"Мәскеу қаласына биыл қазанның 19-27 аралығында 3 ғалым барған болатынбыз. Ресей мемлекеттік фотоқұжаттар мұрағатында болдық. Сол мұрағаттағы фотоқұжаттармен түгел танысып шықтық. Өзімізге қажеттілерін қарап шыққанда, Сәкен Сейфуллиннің бейнежазбасы кездесіп қалды. Сәкен Сейфуллинмен бірге, Ораз Жандос, Әліби Жангелдин сынды қайраткерлердің бейнежазбасы осында түсірілген", - деді ол.

Ермұхамет Маралбектің айтуынша, бұдан бөлек Ахмет Байтұрсынұлы туралы ғылыми айналымда жоқ, еш жерде кездестірмеген еңбектері табылған.

"Ресей мемлекеттік Ленин атындағы кітапханада сирек қолжазбалар қорында жұмыс істедік. Алаш қайраткерлерінің көптеген еңбегі сақталған. Ахмет Байтұрсынұлы туралы ғылыми айналымда жоқ, еш жерде кездестірмеген еңбектері табылды. Ол туралы зерттей түсу керек. Зерттеу нәтижелерін алдағы уақытта жариялайтын боламыз", - деді Ермұхамет Маралбек. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек