Мәслихат депутаттары Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын мақұлдады

Мәслихат депутаттары Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын мақұлдады
Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Мәслихат депутаттары Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматыда мәслихаттың кезектен тыс IX сессиясы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарын келісу.

Кешенді жоспар агломерацияның орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжат аумақтық, әлеуметтік, жол-көлік, инженерлік, экономикалық, экологиялық және цифрлық даму бойынша 16 стратегиялық бағыт аясындағы жобаларды қамтиды.

Алматы әкімінің орынбасары Асқар Әмриннің айтуынша, кешенді жоспар аясында қала және облыс әкімдіктерінің дамудың негізгі бағыттары бойынша қызметін үйлестіруді көздейді.

"Цифрлық даму бағытында деректер базасын интеграциялау және бірыңғай геоақпараттық жүйені жүргізу жоспарланып отыр. Бұл агломерацияның картографиялық және қала құрылысы деректерін біріктіруге, қала маңы аумақтарының нысаналы мақсатын бекітуге мүмкіндік береді. Алматының көлік қаңқасын тиімді іске асыру үшін қажетті қала агломерациясының бірыңғай көлік моделі әзірленеді", - деді Асқар Әмрин.

Асқар Әмриннің сөзінше, қала мен қала маңы аймағында қоғамдық көлікті интеграциялау, БАКАД-қа дейінгі 4 радиалды және 7 ішкі магистральдық көшелерді тесу, қала маңындағы теміржол жолаушылар тасымалын дамыту көзделген.

Оның айтуынша, жаңа білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салу, сондай-ақ қала маңы аймағында жұмыс орындарын құру есебінен әлеуметтік саланы дамытуға бірыңғай тәсіл іске асырылады. Сонымен қатар бірыңғай жасыл агломерация дәлізі және тағы басқалар құрылады.

Еске салайық, Алматы агломерациясын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспарының жобасын Алматы мен Алматы облысының хатшылықтары "Агломерацияларды дамыту туралы" Заңның 13-бабын іске асыру шеңберінде әзірлеген. Бұған дейін кешенді жоспарды Алматы агломерациясының жергілікті кеңесі келіскен. 

Материалды Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан