"140-тан аса кенші қаза тапты". Серік Ахметов "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы жазаға тартылуы керегін айтты

Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметов Костенко шахтасындағы апатқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы ол "Өлім ошағы" деректі фильмінде бөлісті. 

"Менің ойымша, "АрселорМиттал Теміртау" басшылығы қатаң жазаға, қатаң жауапкершілікке тартылуы керек. 10 жыл ішінде қанша қайғылы оқиға болып, 140-тан аса кенші қаза тапты, қаншама отбасы, қанша адам зардап шекті. Бұл жерде жауапкершілік мол болуы керек. "АрселорМиттал Теміртау" тек Қазақстанда емес, халықаралық деңгейде жауапкершілікке тартылуға тиіс. Өнеркәсіп пен техника қауіпсіздігіне қомақты қаражат бөлінбеуі салдарынан қылмыстық немқұрайлылыққа жол берілді және бұл жылдар бойы жалғасты. "АрселорМиттал Теміртау" қожайындары мен басшылығын жауапкершілікке, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін мемлекет халықаралық қауымдастықтың назарын аударуы керек деп ойлаймын", - деді Серік Ахметов. 

"Ақша түссе болды, басқасына бас қатырмайды": қазақстандықтар опат болып жатқан "АрселорМиттал Теміртау" туралы не белгілі?

Еске салайық, алдымен бұл шахтада 7 адам қаза тапқаны белгілі болды. Ал кеше қаза тапқандар саны 45 адамға жетті. Сонымен қатар, ауруханада жатқан зардап шеккендердің жағдайы айтылды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаралы жағдайдан кейін "АрселорМитталТеміртаумен" ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!